Түк өзгерткісі келмейтін кандидат тартымды ма?

0

Наурыздың 19-ында басталған билік транзиті кезеңінің басында Қазақстан үкіметінің билік транзитіне қатысты анық жоспары бардай көрінген.

Келесі күні Сенат төрағасы, Назарбаевтың сенімді саяси серігі Қасым-Жомарт Тоқаев уақытша президент ретінде ант берген. Тоқаев Назарбаевқа саяси жетекшілігі үшін мадақ жаудырып, Астана қаласына бірінші президенттің атын қоюды ұсынған. Тоқаев қызметіне кіріскеннен кейін үш күннен соң қала атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.

Сәуірдің 9-ында президент сайлауының 2020 жылы емес, мерзімінен бұрын биылғы маусымның 9-ында өтетіні жарияланды. Екі аптадан соң билік басындағы Нұр-Отан партиясы Назарбаевтың ұсынысы бойынша Тоқаевты кандидат етіп ұсынды. 600 жүз делегат Тоқаевқа түгел дауыс берді. Билік дайындаған бас кандидатпен бәсекеге түсетін қалған алтаудың жеңіп шығуы неғайбіл.

Бірақ биліктің жоспарында жоқ төтенше оқиғалар да көріне бастағанға ұқсайды. Қазақстанның кейбір тұрғыны таңдау еркі шектеулі сайлауға наразы болып, көшеге шыға бастады. Бұл елде президент бірінші рет ауысқалы жатқанымен Орталық Азияның кейбір елдері үшін бұл — кәнігі жағдай.

Орталық Азия елдеріндегі саяси жетекшінің ауысу оқиғалары мен Қазақстандағы қазіргі жағдайдың ұқсас тұстары бар. Президенттің мұрагерін таңдап алу дәстүрі билік транзитін үшін болжап болмайтын қиын жағдайға душар етуі мүмкін екені байқалады.

Қазақстанның мысалын Тәжікстан мен Түркіменстан сияқты отбасы мүшесіне билік тапсыру механизмін сынап көріп жатқан режимдер жіті бақылап отырса керек.

БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ?

Тәуелсіздік алғалы бергі 28 жыл ішінде Орталық Азияда екі-ақ мәрте билік президенттен мұрагеріне бейбіт түрде ауысты.

2010 жылғы сәуір төңкерісінен соң Роза Отунбаева Қырғызстанның уақытша президенті болып сайланды. Отунбаева әуел бастан уақытша президент екенін, 2011 жылғы қарашадағы сайлауға түспейтінін ескертіп, ерекше мысалға айналды. Сол жылғы желтоқсанның 1-інде билікті халық сайлаған президент Алмазбек Атамбаевқа тапсырды.

2010 жылғы конституция нормаларына сәйкес Қырғызстан президенті бір-ақ мәрте алты жылға сайланады. Атамбаев мерзімі біткен соң биліктен кетсе де, өзі қалаған кандидаттың сайлануына қол жеткізді. Бұл Қазақстандағы жағдайға дейін Орталық Азияда болған алғашқы жоғарыдан жоспарланған билік транзиті еді. Бірақ қырғыз моделінің соңы жақсы болмады.

Атамбаев өзінен кейінгі президент болып Сооронбай Жээнбековтің сайлануына күш салды. Ош облысының бұрынғы губернаторы Жээнбеков Шу облысының тумасы Атамбаев үшін елдегі оңтүстік-солтүстік бөлінісіне жол бермейтін баланс сақтаушы тұлға болып көрінген. 2016 жылы Атамбаев Жээнбековті өзі басқаратын Социал-демократиялық партияның атынан әуелі премьер-министр қылған. Үгіт-насихат кезеңінде Жээнбековтің өз саясатын жалғастыратынын меңзей сөйлеген. Атамбаев Жээнбековті құрал етіп билік басында қала береді деп қауіптенгендер де болған.

Егер Атамбаев расымен сондай жоспар құрса, оңбай қателесіпті. Жээнбеков 2017 жылғы қарашадағы президент сайлауында жеңіске жетті. Алты-ақ айдың ішінде Атамбаевтың кезіндегі топ шенеуніктерді әкімшіліктен түгел шығарып тастады, олардың біразы істі болып, қамауға алынды. Атамбаев Жээнбековті 2018 жылғы наурыздан бастап бірнеше рет сынады, ақыры Социал-демократиялық партия екіге бөлініп тынды.

Жақтастары Жээнбековтің Атамбаев қолдана қоятындай құрал емес екенін айтады. Салыстырмалы түрде ұстамды Жээнбековтің де президент қызметіне көңілі толатындай.

Түркіменстан мен Өзбекстанда билік ұзақ уақыт ел басқарған саяси жетекшілері дүние салған соң ауысты.

2006 жылғы желтоқсанда Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болған соң көпке белгісіз денсаулық сақтау министрі Гурбангулы Бердімұхамедов орнын басты. Бұл транзиттің қайтіп жүзеге асқаны әлі күнге дейін жұмбақ.

2016 жылғы қыркүйекте Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов көз жұмды деп хабарланған соң премьер-министр Шавкат Мирзияев те жабық процесс арқылы билікке жетті.

Бердімұхамедов те, Мирзияев те әуелгі президенттерге қызмет қылғандарымен анық мұрагер ретінде қарастырылмаған еді. Сондықтан да шығар президент сайлауы кезінде бұл екі саясаткер де жеңіп шығатындарына қарамастан халықтың қолдауына ие болғысы келіп үгіт-насихат қылып бақты. Сайланып алған соң бұрынғы президент тұсындағы жоғары лауазымды шенеуніктерді түгелге жуық қызметтен кетірді.

Қырғызстандағы алғашқы екі транзит 2005 және 2010 жылдардағы төңкерістің нәтижесі еді. Биліктен қуылған Асқар Ақаев та, Құрманбек Бакиев те отбасы мүшелерін жақын тартып, билігін нығайтқылары келгені үшін халық наразылығын тудырды. Ақаевтың қызы Бермет пен ұлы Айдар 2005 жылы парламент мүшесі болып сайланған. Ал Бакиевтің ұлы Максим Қырғызстанның экономикалық саясатына қатты ықпал етті.

Төңкерістен кейін билікке жеткен саясаткерлер өздеріне дейінгі басшыларды сынап-мінеп, елдің саясатын өзгерту туралы уәде үйіп-төккен.

ТОҚАЕВТЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚИЫНДЫҚ

Тоқаевтың жағдайы басқаша. Біріншіден, Қазақстанның конституциясына 15 жыл бұрын енгізілген өзгерістерге сәйкес елдің бірінші президентіне шексіз билеу өкілеті берілген. Тоқаев президент болып сайлануы мүмкін, бірақ «елбасы» Назарбаев әлі тірі, негізгі саяси билік те соның қолында.

Екіншіден, алдағы мамырдың 17-сінде жасы 66-ға шығатын Тоқаевтың өтпелі кезең басшысы екені, бұл қызметті болашақта шын билікті қолына алатын адамға дайындап жатқаны көрінеді. Нақ мұрагер ретінде Назарбаевтың бірнеше туысының аты аталған. Үшіншіден, һәм ең бастысы, Тоқаев Назарбаевтың саясатын жалғастыра бермек. Яғни түк те өзгертпейді.

Бердімұхамедов, Мирзияев, Бакиев пен Атамбаев сайлау кезінде елдің қолдауына ие болу үшін өзгеріс жасау туралы уәде берген. Сайланған соңғы алғашқы айларда бұлардың бәрі де біраз игі өзгеріс жасауға тырысқан. Назарбаевтың көзі тірісінде Тоқаевтың қандай да бір үлкен өзгеріс қылуға ұмтылмасы анық. Өйткені бұл әрекеті Назарбаевтың саясатын түзеу болып шықпақ. Сол себепті шығар кейбір қазақстандық жас үшін ештеңе өзгерткісі келмейтін кандидаттың тартымды болмай тұрғаны да түсінікті.

Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары «Нұр-Сұлтан — астанам емес, Тоқаев — президентім емес, Дариға — Сенат төрағасы емес» және «Шал, кет!» деген ұран көтерді.

Сәуірдің 21-інде Алматы марафоны кезінде «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген және бір баннер пайда болды. Қала көшелерінің бірінде «Биліктің қайнар көзі — халық» деген конституция үзіндісі көзге шалынған.

Орталық Азиядағы саяси жетекшілердің ауысу науқаны кезінде халықтың басым көпшілігі үшін игі өзгеріс туатыны байқалса, билік транзитінің жайлы болатыны көрінді.

Назарбаевтың қызы Дариға немесе немере інісі Самат Әбіш мұрагер болуы мүмкін деген әңгіме де шыққан. Назарбаевтың туысына деген наразылық Тоқаевқа қарсы көңіл-күйден де күштірек болар ма еді.

Орталық Азиядағы біраз жұрт үшін жоғарыдан жоспарланған билік транзитінің «бай байға құяды, сай сайға құядының» бір түрі болып көрінері анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев зор қиындыққа ұшырап тұр. Бірақ бұл қиындық Түркіменстан мен Тәжікстанда әкелерінің өкшесін басып келе жатқан Сердар Бердімұхамедов пен Рустам Эмомалидің де басына түсуі мүмкін.

1995 жылдан бері Орталық Азиядағы халықтан естіп келе жатқаным — билік ауысқан соң жоғары жақта толтыратын бос қалта қайта көбейеді деген сөз. Қазір де ахуалдың өзгергені шамалы. Билік басында ұзақ отырғандар да, оларды төңіректеген топтар да қалтасы үлкенірек жаңа киім сатып алып жатыр.

(Автордың көзқарасы мен Азаттық редакциясының ұстанымы сәйкес болмауы мүмкін.)

Azattyq