Туғанына 100 жыл болған Қасым Қайсенов туралы естеліктер (фото)
Еліміз КСРО империясынан босап, өз алдына жеке ел болып, тәуелсіздік алған күннен бері, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, осылайша қайта түлеп, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, өз тарихымыз бен тарихты жасаушы, тарихи тұлғаларымызды еске алып, олар туралы айтуға тың тарихи мүмкіндік туды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары 1995 жыл ЮНЕСКО көлемінде Абай бабамыздың 150 жылдығы, 1996 жыл ел ішінде Жамбыл атамыздың 150 жылдығы, 1997 ж Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығы аталып өтілді. Осылайша тәуелсіз қазақ халқының әр жылы, әр түрлі тарихи тұлғалар мерейтойларына арналған торқалы жылдар болып келеді.
Биылғы 2018 жылда осындай мерейтойларға толы жыл. Семей қаласының 300 жылдығы. Шекерім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл, Ахмет Байтұрсыновтың 145 жылдығы, Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығы және т.б мерейтойлармен қатар республика бойынша барлық аудандардың құрылғанына 90 жыл. Сонымен бірге биыл Қазақстанның Халық қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, әйгілі партизан, көрнекті жазушы II – ДЖС тың ержүрек батыры, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар перзенті Қасым Қайсеновтың туғанына 100 жыл.
Осы мақаланы жазудағы мақсатым Қасым атамыздың, біздің Ақжар ауылында бірнеше рет болғандығы туралы. Қасым атамыз алғаш рет, 1968 жылы ауылымыздың ардагері, әйгілі партизан Шапатов Манап атаның шаңырағында болды. Манап ата II – ДЖС тың батыс майданында, Беларуссия жеріндегі Гомель облысын азат етуге қатысқан партизан отрядының белді мүшесі болған . Манап атаның жолдасы Дарабаева Қанипа апамыз Қасым атамыздың жерлесі бірге оқыған сыныптасы болған екен. Қаһарман атамыздың Манап атаның үйінде болғандығын бүгінде ауыл ақсақалдары аңыз етіп айтады.
Екінші рет Қасым ата 1991 жыл, халқымыздың батырлар оянған жылы ауылымызда өткен үлкен мерейтой, Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына келді. Ал үшінші рет батыр атамыз 1999 жылы парламент мәжілісінің сайлауы науқанында, мәжіліс депутаттығына үміткер, белгілі ақын бүгінде Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамызға облыстық сенімді өкіл ретінде келген. Ауылымыздағы киелі қара шаңырақ Абай атындағы орта мектепте, мектеп ұжымы мен кездесу өткізген.
Қасым атамыздың осы Абай мектебіне келуі үлкен тарихи оқиға ретінде қалды . Партизан ардагер атамыз, ұжым мен кездесуде болғанда : « Мен соғыстың алдында 1938 ж осы мектепте директор болғанмын» , — деп айтқан екен.
Осы жайтқа орай біздің мақсатымыз, атамыз айтқан деректі архифтен іздестіріп табу және демеушілер ұйымдастырып, мектебімізде Қасым ата атында пән бөлмесін жабдықтау .
Алапат қан майданның қаһарманы, қайсар тұлға Қасым атамызды еске алып, ол кісінің ауылымызда бірнеше рет болғандығы туралы айтқанда, атамызды мен өз көзіммен көрген кез есіме түседі. Бұл мұғалім қызметін енді ғана бастаған алғашқы жылым болатын. 2001 жылы шілде айында Ақсуат ауылында Қаракерей Қабанбай батырдың 310 жылдық мерейтойына арналған аудандық конференцияның ереже талабынан өтіп, осы жиынға қатыстым. Мәдениет үйінің көрермен залы салтанатты түрде безендіріліп, көтеріңкі музыка ойнап, конференция басталған сәтте, аудан әкімі бүгінгі біздің құрметті қонағымыз Қасым атамызға сөз берейік дегенде, ақ самайлы, үлкен көзді, сом денелі кісінің, мінбеге келіп, көпшілікпен амандаса келе, Қабанбай батыр жайында дауыстап айтқан қатты дауысы мен жалынды сөздері бүкіл залды жаңғыртып жіберді. Залда отырған жүзден аса көрермен тым тырыс болып, барлығы батыр атаның ерекше келбеті мен бітім болмысына тамсанды. Міне бұл қаһарман Қасым Қайсенов атамыз болатын. Биыл еліміздің әр жерінде Қасым атамыздың 100 жылдығы аталып ол кісінің ерен ерліктері туралы айтылғанда, есіме осы жайттар түседі.
Бұл сурет 1968 жылы мамырда Ақжар ауылы Шапатов Манап ата үйіне Қасым атамыздың келуі. Оңнан солға қарай : Шапатов Манап ата, Дарабаева Қанипа апа, Қасым ата.
1999 жыл Ақжар ауылы Қасым атамыздың парламент мәжілісі депуттатығына сайлауға түсуші Ұлықбек Есдәулет ағамызға облыстық сенімді өкіл болып келуі . Әрімбек Масаловтың шаңырағында.
Суретте : Ортада отырған Қасым атамыз . Оңнан солға қарай тұрғандар : екінші ақын Ұлықбек Есдәулетов , үшінші Шәріпхан Халықов — Ақжар ауылы әкімі, бесінші Серік Тыныбаев — аудандық Тарбағатай нұры газетінің редакторы, алтыншы ақын , аудандық сенімді өкіл Әрімбек Масалов.
ШҚО Тарбағатай ауданы
Ақжар ауылы Абай атындағы
орта мектептегі тарих пәнінің мұғалімі
Қабидолдин Қуаныш Тілеуханұлы