Түбінде ел бола алса болар еді бұ қазақ
Біз ұлымызға үш жүзге хан болған, қазақтың дара тұлғасы Әбілқайырдың атын бергенбіз. Сөйтсек, бір «таңғажайып жазушы» «таңғажайып» роман жазып, Әбілқайыр ханның атына кір келтіріпті.
Енді ойланып отырмын, ертеңгі күні ұлым есейіп, «Менің атымды неге Әбілқайыр деп қойдыңдар?» десе, «Сондай да сондай хан болған, сол хандай ұлтына адал адам болсын деп қойдық» десек, баламыз ізденіп жүріп жаңағы «таңғажайып» пікірлерді оқыса, аң-таң болмай ма?
«Оу, ол хан сатқын екен ғой, сатқын болсын деп маған сатқынның атын қойдыңдар ма?» десе не дейміз?
Жас балаға бұл пікірдің шынайы жазушыларға тән жалпыадамзаттық, биік адами құндылықтар тұрғысынан қарайтын биік сана түгілі, ұлттық деңгейге де шыға алмай, сондай төмен рушылдық деңгейде ғана қалған санамен жазылған пікір екенін қалай түсіндіреміз?
Өйтсек, жас баланың миына рушылдық, жүзшілдікті өзіміз құйған болмаймыз ба?
Қазақ тірі қазақтың артын шұқығанымен қоймай, өлілерін де ерінбей шұқып шығуда. Осыдан соң «қазақ — жалқау» деген сөз әдірем қалады екен.
Менің де бір кездері көңілім әппақ еді, ұлтымыздың осындай «арт шұқу», «рушылдық», «жершілдік», «қарап жүрген адамды мүйіздеу» деген бықсықтарынан ыс басып қарайып кетті. Енді сол хәлдің баламның да басынан өтерін сезіп отырмын. Бұған жаңағы жағдай бір мысал.
Сол баяғы көңілім аппақ кезінде «таңғажайып» жазушының бір «дара» шығармасының дақпыртын есітіп, армандап жүріп оқығанмын. Оқи бастағаным сол, біртүрлі көңілім су сепкендей басыла қалып еді. Кейін осындағы жөн білетін бір кісіден пікір сұрап, әлгі «дара» шығарманың мән-жайын ұққандай болдым. Сол сәттерден бастап қазақ әдебиетіне деген қызығушылығым да сөне бастады-ау.
Жазу-сызуға дым араласпай, әдебиет-тарих дегенге еш бас ауыртпай, шет елдің тренингшілерін тыңдап, өз жұмысын атқарып жүретін айтишник, бағдарламашы, химик, физик сияқты техник, технократ адамдар бақытты-ау.
Баяғыда әкем: «Әй, осы қазақтың басы түбінде бірікпейді-ау» дегенде жақтырмап едім. Енді сол сөз бекер емес-ау деген ойға келіп жүрмін. Түбінде ел бола алса болар еді бұ қазақ.
Әлде «Ел болса болсын, болмаса қойсын» деп балаларымзды «әлемнің адамы» болуға дайындауымыз керек пе? «Сатқын» деп айыпталмайтын, ешкім артын шұқып, жала жаппайтын Илон Масктың атын қояйық баламызға. Тіл үйретіп, қазақы бықсық түсініктен мейлінше алыс ұстап, алда-жалда бүгінгі екінің бірі — «Қытайшылдар» ел мен жерді сатып жіберсе әлемнің бір бұрышынан несібесін теріп жүре беретіндей етіп өсіруіміз керек шығар?
Бүгінгі күннің сатқыны мен ұрысын жазуға батылдары жетпей әруақпен алысатын күйдіргі жазушылар осылай да ойлауға мәжбүрледі.
Көрілген: 7 Пікірлер: 0