Triumph Art тұрғын үй кешенінде көршілер арасындағы жанжалға Сагимбековтің есімі ілікті
QazaqGaz еншілес ұйымының басшысының орынбасары көршісіне есірткі тастап, түрмеге отырғызамын деп қорқытты
Бейнебақылау камерасына түсірілген видеоны Михаил Козачков өз Telegram-арнасында жариялады.
Мәліметтерге сүйенсек, оқиға Астанадағы Triumph Art тұрғын үй кешенінде болған. Көршілер арасында келіспеушілік туындап, полиция шақырылған. Қақтығыс барысында тараптардың бірі көршісіне есірткі тастап, оны түрмеге отырғызатынын айтып қорқытқан.
Пікір білдірушілердің айтуынша, видеода «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары Дидар Сагимбеков түсірілген. Бұл ақпаратты “Ақ Жайық” басылымының дереккөзі де растады.
Айта кетейік, бұған дейін Сагимбековті QazaqGaz компаниясында жүргізілген тінтулермен байланыстырған болатын. Сол кезде ол ұлттық компанияның аппарат басшысы қызметін атқарған еді.