ТРАНЗИТТІК ТАСЫМАЛ ДАМИДЫ | «Айқын» газеті

0

Атырау облысындағы Махамбет ауданында Тұңғыш Президент күніне орай жаңа көпір ашылды.

Қазақстандағы жаңа технологиямен салынған бірегей темірбетонды тірексіз алғашқы автокөлік көпірі – Жайық өзені арқылы өтетін транзиттік тасы­малдауды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асқан облыстағы жетінші көпір. Аймақ халқы ғана емес, көршілес аймақ­тар мен халықаралық қатынастағы елдер көптен күткен жаңа көпір «Атырау – Ақтөбе – Астрахан» және «Атырау – Орал» бағыт­тары бойынша қозғалысты және жүк тасымалын жеңілдетеді.
Атырау аймағы үшін елеулі оқиғаның салтанатты лента қию рәсімі Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер кеңесі» респуб­ли­калық қоғамдық бірлестігінің төр­аға­сы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Нә­сіп­қа­ли Саменовке табысталды. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Но­ғаев облыс үшін маңызы бар нысан­ның ел игілігі үшін салынғанын атап өтті.
– Бүгін барлық атыраулықтар мен көрші облыстар көптен күткен Жайық­тың қос жағасын жалғастыратын көпір іске қосылды. Елімізде осындай үлкен нысандар салуға қаржылық, әкімшілік жағдайлар жасалған. Осы игі істер елі­міздегі саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім мен этнос, дінаралық татулықтың арқасында болып жатыр. Бұл – Ел­ба­сымыз Н.Назарбаевтың дамуға, жасам­паздыққа, қазақстандықтардың әл-ауқа­тын көтеруге және әлемдегі қауым­дас­тықта Қазақстанның өз орнын алуға ба­ғытталған ішкі және сыртқы саясат­тағы сарабдал істерінің нәтижесі. Ел дамуы тұ­рақты қамтамасыз етілді. Жаңа тех­но­ло­гия мен жаңа техникалар келіп, ха­лық­тың игілігі үшін қысқа уақытта са­палы ны­сандар салу мәселесі шеші­луде. Осы кө­пір құрылысын салуға атса­лысқан бар­лық азаматтарға, соның ішін­де мер­дігер «АтырауИнжстрой» меке­месіне зор ал­ғы­сымды білдіремін. Жа­ңа нысан ел игі­­лігіне, облыс қажет­тілігіне жара­сын, – деді аймақ басшысы.
Автокөлік көпірінің ұзындығы –
860 метр, ені – 13 метр. Көпір құрылысы 2014 жылы Атырау облыстық жолау­шы­лар та­сы­малы және автокөлік жолдары басқар­ма­сының тапсырысымен бастал­ған. Кө­пір 180 тонна жүкті көтере алады, кірме жол­дарының жалпы ұзындығы – 8,5 шақырым.
Бұл көпірдің тағы бір артықшылы­­ғы – өзеннің екі жағалауын мекен еткен 40 мыңнан астам тұрғыны бар 10 ауыл­дық округті біріктіріп, қатынасты жеңіл­­де­ді. Тұрғындар бұрын өзеннің келесі жаға­лауына паром немесе айналма жол арқылы жетіп, өзенде мұз қатқан кезде қауіпті болса да мұз үстімен жүріп өмірлеріне қауіп төңдіретін. Аудандық ауруханаға қабыл­дауға бару үшін де шамамен 60 ша­қырым жерде орналасқан облыс орталы­ғы арқылы қатынайтын. Енді бұл мәселе оң шешімін тапқанына облыс халқы дән риза.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы