Трамптың бұрынғы адвокаты оны «нәсілшіл, алаяқ» деп атады

0

27 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы адвокаты Майкл Коэн конгресте Трампқа қарсы куәлік етті. Оның сөзінше, АҚШ президенті ұлының 2016 жылы Trump Tower-де Ресей өкілдерімен кездескені жайлы және АҚШ президенті сайлауында Трамптың саяси бәсекелесі ретінде Демократиялық партиядан сайлауға қатысқан Хиллари Клинтонның жеке хаттары жария болатыны туралы алдын ала білген.

Конгрестегі куәлігінде Коэн Трамп сайлау алды кампаниясы кезінде де Мәскеу қаласында зәулім ғимарат салу жоспарымен шұғылданғанын айтты.

Майкл Коэн АҚШ конгресі бақылау палатасы өкілдерінің алдында ант беріп тұрып «өзімнің әлсіздік көрсеткеніме, Трампты қорғап, оның жоғарылауына үлес қосқаныма ұяламын. Ар-ожданыма құлақ асу орнына Трамптың заңсыз әрекеттерін қолдағаныма ұяламын. Мистер Трамптың кім екенін білемін. Ол нәсілшіл, суайт және алаяқ», — деді

Коэн Трамп пен оның сайлау кампаниясы өкілдерінің Мәскеумен ымыраласқаны жайлы нақты дәлелі жоғын айтты.

Вьетнамда Ким Чен Ынмен кездесуде жүрген АҚШ президенті Коэнның куәлігін теріске шығарды.

«Майкл Коэн менің өкілім саналатын заңгерлерімнің бірі болды (өкінішке қарай). Оның менен өзге де клиенттері бар еді. Ол өтірік айтқаны мен алаяқтығы үшін қазір ғана Жоғарғы соттың шешімімен адвокаттық қызметінен айырылды. Трампқа еш қатысы жоқ ойсыз әрекеттерге барды. Ол түрмеде азырақ отыру үшін өтірік айтып отыр. Қиянатшыл заңгер!», — деп жазды АҚШ президенті Twitter-де.

Азаттық