Трамп жолдауында АҚШ-тың экономикалық жетістіктері туралы айтты

0

АҚШ президенті Дональд Трамп 4 қаңтарда кешке конгресте жолдау жасады. Қараша айында екінші мерзімге сайланудан үмітті Трамп ең әуелі экономикадағы жетістіктерге тоқталды. 2016 жылы сайлауалды кампаниясы кезінде «Американы қайта ұлы мемлекетке айналдырайық» деп ұрандаған Трамп сейсенбі күні конгресте мінберге шығып «ұлы Американы басқаруды» қайта қолға алғанын көптің есіне салғысы келетінін айтты.

«Жұмыс орындары көбейіп жатыр, табыс молайды, кедейлік деңгейі төмендеді, қылмыс азайды, халық сенімі артты, мемлекетіміз қайта өркендеп жатыр және еліміздің абыройы артты» деді Трамп.

Алғашқы жарты сағат бойы экономикадағы жетістіктер туралы айтқан Трамп жалақы, жұмыспен қамту және қор нарығындағы көрсеткіштерге тоқталды.

Сейсенбі күні конгресте жолдау басталмай тұрып республикашылдар «тағы төрт жыл» деп айқайлады. Олар президент үзіліс жасаған сайын орындарын тұрып, қол шапалақтап отырды. Ал демократтар еш эмоция білдірместен үнсіз қарап отырды.

5 ақпанда сенатта президентке импичмент жариялау ісі бойынша дауыс беру басталады. Желтоқсан айында басым көпшілігі демократтардан құралған өкілдер палатасы Трампқа импичмент жариялауды мақұлдаған. Басым бөлігі республикашылдардан құралған сенат 5 ақпанда президентті ақтайды деген болжам айтылады.

Қарай отырыңыз: Дональд Трампқа импичмент қаупі төнді (Қыркүйек айы, 2019 жыл).

Azattyq