Трамп Жапониядағы саммитте Путинмен кездесетінін айтты

0

АҚШ президенті Дональд Трамп келер аптада Жапонияда өтетін «Үлкен жиырмалықтың» саммитінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетінін айтты. «Ресеймен достасқым келеді» деді Fox News арнасына сұхбат берген Трамп.

Бұдан бұрын, 19 маусымда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамп пен Путин кездесуі жайлы әзірге ешбір қосымша ақпарат жоғын айтқан. «Осака саммитінде өтетін екіжақты кездесу кестесі жасалып жатыр» деді ол.

Сочиде журналистер алдында сөйлеген Путин Ресей мен АҚШ қатынасын қалыпқа келтіруді қалайтынын, Жапониядағы G20 саммитінде Трамппен кездесуі мүмкін екенін айтқан. Осакада Путинмен кездескелі жатқанын оған дейін Трамп та мәлімдеген.

Былтыр жыл соңында Буэнос-Айресте болған «Үлкен жиырмалық» саммитінде алдын ала айтылғанына қарамастан, АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуі өтпей қалған. Оған аннексияланған Қырым жағалауында ресейлік шекарашыларының 24 украин теңізшісін тұтқынға алуы себеп болған. Украиналық теңізшілер Ресейде әлі қамауда отыр.

Azattyq