Трамп тұңғыш рет Ирактағы әскери базаға барды

0

Президент ұшағы 26 желтоқсан күні кешкісін Бағдадтың батысындағы әуе базасына қонған. АҚШ басылымдарының жазуынша, Ақ үй бұл сапар жайлы алдын ала хабарламаған.

Ақ үйдің ресми өкілі Сара Сандерс Трамп пен оның зайыбы Мелания сарбаздарға қызметі үшін алғыс айтып, Рождествомен құттықтағысы келгенін хабарлады.

Пентагон дерегінше, қазір Иракта шамамен 5 200 АҚШ сарбаз бар. Ирак қызу қақтығыс аймағы болмағанмен мұндағы америка әскерилері Ирактың қорғаныс күштерін жаттықтырып, “Ислам мемлекеті” содырларымен күресіп келеді.

Бұған дейін кейбір сыншылар Трампты билікке келгелі бері бірде-бір рет қақтығыс аймағындағы АҚШ-тың әскери базаларында болмады деп сынаған. Қараша айында Франциядағы дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу шарасы кезінде президент «ауа райы қолайсыз» деп ондағы АҚШ сарбаздарының зиратына бармай қойған. Бұл оқиғадан кейін қоғамдық сын үдей түскен.

Трамптың Ирактағы АҚШ әскери базасына сапары (26 желтоқсан 2018 жыл)

Дәл осы сапарының алдында бірнеше күн бұрын Трамп Сириядан АҚШ әскерін әкететінін айтып, сонымен бірге Ауғанстандағы 14 мың әскерін 7 мыңға дейін қысқартатынын мәлімдеген. Оның бұл шешімін демократтар да, республикашылдар, одақ мүшелері де сынады.

Иракқа сапары кезінде әскери қызметкерлер алдында сөйлеген Дональд Трамп Ирактағы америкалық әскерилер санын азайту ойында жоқ екенін айтқан. Ол сонымен бірге “Ислам мемлекеті” экстремистік ұйымының жеңілгенін, Сириядағы АҚШ әскерін алып кететін уақыт жетті деген.

Президент Дональд Трамп Ирактағы АҚШ сарбаздарының алдында сөйлеп тұр. 26 желтоқсан 2018 жыл

Президент Дональд Трамп Ирактағы АҚШ сарбаздарының алдында сөйлеп тұр. 26 желтоқсан 2018 жыл

Бұл сөзін Трамп желтоқсанның 20-сы күнгі видеомәлімдемесінде де айтқан еді. Бірақ кейбір сыншылар аталған топты жеңдік деп айтуға әлі ерте деп есептейді. Олар президенттің шешімі ұйыммен күресіп жатқан АҚШ одақтастарын қиын жағдайда қалдырады деп санайды.

Трамптың Иракқа сапары небәрі бірнеше сағатқа ғана созылған. Ол тіпті ел басшыларымен де кездеспей, кетіп қалған. Бұған қатысты түсініктеме берген Ирак парламентінің баспасөз қызметі екі ел басшылары арасында «келіссөз форматында қарама-қайшылықтар туындағандықтан» кездесудің орнына Дональд Трамп пен Ирак премьер-министрі Адиль Абдул-Махдидің телефонмен әңгімелескенін хабарлаған.

Ирак парламентіндегі құпия ақпарат көздеріне сүйенген Reuters агенттігі Трамптың премьер-министрмен америкалық әскери базада кездескісі келгенін, бірақ Ирак үкіметі басшысының бұнымен келіспегенін жазды.

Ал “Ислах” парламент фракциясының жетекшісі Сабах Аль-Саади Америка басшысының сапарына наразы болып, парламенттің шұғыл сессиясын шақырған.

Reuters дерегінше, Трамп Иракта үш сағатқа жуық уақыт болған. Қайтар жолда Германиядағы АҚШ-тың “Рамштайн” әскери базасына соққан. Онда шамамен бір жарым сағат болған президент америкалық сарбаздармен қол алысып, әңгімелесіп, суретке түскен. Кездесуде шамамен жүз адам болған. Бұдан соң Трамп Вашингтонға ұшып кеткен.


Дереккөз: Азаттық