Трамп-Ши кездесуі туралы пікірлер неге бұғатталды?
АҚШ пен Қытай басшыларының Аргентинада өткен G20 саммиті барысындағы әредік кездесулерде және түскі ас кезінде нелер жайында кеңесті? Көптеген ақпарат құралдарының өкілдері мен өзгеде адамдар Қытайдың АҚШ-тағы елшілігінің WeChat желісіндегі парақшасына пікірлері мен сұрақтарын қалдырды. Алайда, бұл пікірлер мен сұрақтар әлеуметтік парақшаны басқарушы жағынан өшірілген немесе бұғатталған.
Құрама Штаттағы кейбір басылымдар ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Трамп пен Ши Жинпиң кездесуде сауда дауынан тыс тақырыптар да сөз болғанын алға тартады. Ал, АҚШ-тың Қытайдағы елшілігі сол елдегі WeChat желісіндегі парақшасы арқылы аталған кездесу туралы мәлімет таратты. Бұл мәліметте, екі ел басшысының сауда дауын шешу туралы келіскені туралы айтылған. Алайда, Bloomberg агенттігінің хабарында айтылғандай өзге мазмұндар туралы ешқандай мәлімет бермеген.
Құрама Штаттағы Қытай елшілігі «Трамп-Ши» арасындағы кездесуіне қатысты мәлімет беруден жалтарған сайын, АҚШ пен өзге де Батыс елдерінің ақпарат құралдары қадала түсті. Олар бұнымен ұқсас уақытта үлкен Буштың қазасы туралы түрлі көзқарастар мен пікірлердің бұғаттауға ұшырамағанын алға тартуда.
Бірқатар ақпарат агенттіктерінің хабарлағанындай, Трамп пен Ши Жинпиң арасында сауда келісімдерінен тыс тақырыптар да сөз болған болуы мүмкін. Алайда, ресми тараптың бұл туралы мәлімет беруге ниеті жоқ. Жалпы Аргентинадағы кездесудің мазмұны туралы екі елдің ақпарат құралдарында екі түрлі хабарланды. Қытай ресми ақпарат құралдары келісімнің кейбір маңызды мазмұндарын жасырып қалды. Бұның өзі де көп нәрсені ұғындыратындай. Құрама Штатпен болған сауда қайшылығы Қытайдың экономикасымен қатар әлеуметтік пікірлеріне де өз әсерін тигізді. Сондықтан да, Бейжің билігі қоғамдық пікірлердің қысымын ескерусіз қалдыра алмайды.