Трамп Путинмен әңгіменің бүге-шігесін жасырмағанын айтты

0

Президент Трамп бұл туралы қаңтардың 12-і күні кешке Fox News телеарнасына телефонмен сұхбат бергенде айтқан. Оған дейін The Washington Post басылымы Трамптың Кремль басшысымен болған әңгімесінің кей жайттарын «жасыруға тырысқаны» туралы хабарлаған.

АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы жоғары лауазымды ресми тұлғаларына сілтеме жасаған газет Трамп кемінде бір рет — 2017 жылы Гамбургте (Германия) келіссөз өткізгеннен кейін аудармашысының барлық жазбаларын алып алған және ол адамға кездесуде естігені туралы шенеуніктерге айтпауды бұйырған деп жазған.

Сонымен бірге телеарнаға сұхбатында Трамп 2018 жылы шілдеде Хельсинкиде Путинмен екі сағатқа жуық уақытқа созылған оңаша кездесуде «тамаша әңгіме» болғаны туралы айтқан. Жабық өткен сол кездесудің егжей-тегжейін неге айтпағаны туралы сұраққа Трамп: «Менде ешқандай құпия жоқ. Және маған [бұл туралы не жазатыны] бәрібір. Бұл күлкілі жайт» деп жауап берген. Ол Путинмен болған әңгімеде «Израиль және басқа көп нәрсені» талқылағандарын айтқан.

Трамптың 2016 жылы АҚШ президенті болып сайланғанға дейін Ресеймен қандай қарым-қатынаста болғаны қазір АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллердің тобы тексеріп жатқан істе басты назарда. Тергеушілер Трамптың сайлау штабы мен ресейлік шенеуніктер арасында қандай да бір мәміленің болған-болмағанын анықтауға тырысып жатыр.

АҚШ президенті Мюллердің басшылығымен жүріп жатқан осы тергеуді бұған дейін бірнеше рет «мыстан аулау» деп атаған.

11 қаңтарда New York Times басылымы АҚШ федералдық тергеу бюросы 2017 жылы ел президенті осы мекеменің директоры Джеймс Комиді қызметтен босатқаннан кейін, Трамптың Ресей мүддесіне жұмыс істеп отырмағанын анықтау мақсатында тексеру бастаған деп хабарлаған болатын. Басылымның жазуынша, бұл іс ақыр соңында Мюллердің тергеуімен біріктірілген.

Бұған дейін АҚШ конгресінің кемінде үш комитеті 2016 жылы өткен АҚШ президенті сайлауына Ресейдің ықтимал килігуінің түрлі аспектілерін зерттеген. АҚШ барлау қауымдастығы Ресей АҚШ-тағы сайлау кампаниясына хакерлік шабуылдар мен пропагандалық материалдар тарату арқылы араласып, дауыс беру кезінде Трампты қолдаушылардың көп болуына ықпал етуге тырысқан деген қорытынды жасаған.

Ресейлік шенеуніктер шет мемлекеттердегі сайлауға Мәскеудің араласқаны туралы айыптауларды бірнеше рет терістеген.

Дереккөз: Азаттық