Трамп Путинге орман өртін сөндіру бойынша көмектесуге дайын екенін айтты

0
39

Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен АҚШ президенті Дональд Трамп орман өртін сөндіруде қол ұшын беруге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Кремль баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «РИА Новости» хабарлады. Ақпаратқа қарағанда әңгімелесуге Ақ үй ниет білдірген.

Путин Трампқа алғыс айтып, көмек қажет болып жатса ғана өтінішін қабылдайтынын айтқан. Ақпаратқа қарағанда, Путин АҚШ-тың бұл ұсынысын екі ел арасындағы қарым-қатынастың қайта қалпына келуі деп бағалаған.

Америка жағы президенттердің бұл әңгімесіне байланысты әзірге түсініктеме бермеді.

Путин сәрсенбі, 31 шілдеде Сібірдегі өртті сөндіруге қорғаныс министрлігінің де атсалысуын тапсырған. Бірнеше күн бұрын Красноярск өлкесінің губернаторы Александр Усс Сібірдегі орман өртін сөндіруге билік неліктен асықпай отырғанын түсіндірген.

«Бұл әдеттегі жағдай, онымен күресу бекер, ал кей жерде тіпті зияны тиюі де мүмкін» деген еді шенеунік.

Краснояр өлкесі, Иркутск облысы, Бурятия мен Якутияның үлкен аймағында орман өрті әлі басылмады. Соңғы ақпаратқа қарағанда бірнеше аптадан беріп жанып жатқан орманның аумағы үш миллион гектардан асқан. Өрттен шыққан көк түтін Поволжье мен Қазақстан шекарасына да жеткен.

Батыс ақпарат құралдары Ресейдегі бұл өртті бұрын соңды болмаған оқиға деп отыр.

Azattyq