Трамп пен Путин расында Астанада кездесуі мүмкін бе — сарапшылардың пікірі
Ulysmedia редакциясы АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың біртіндеп “жібіп” келе жатқанын бақылап отыр. Украинадағы соғыс басталғанына үш жылға жуық уақыт өткенде, АҚШ пен Ресей көшбасшылары арасындағы тікелей келіссөздердің өтуі барған сайын шынайы болып келе жатыр.
Ulysmedia тілшісі қай мемлекеттер кездесу алаңын ұсынғанын және екі алпауыт елдің президенті расымен Астанада кездесуі мүмкін бе деген мәселені талдады.
ДИАЛОГҚА ДАЙЫНДЫҚ
Украинадағы қанды соғысты тоқтату қажеттілігі туралы АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп өзінің сайлауалды кампаниясы кезінде-ақ айтқан болатын. Ол қақтығысты реттеп, Владимир Путинмен келісуге уәде берген еді.
19 қаңтарда, инаугурациясына бір күн қалғанда, CNN басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, Трамп көмекшілеріне Ресей президентімен телефон арқылы сөйлесуді ұйымдастыруды тапсырғанын хабарлады. Әңгіме мақсаты – Украина мәселесі бойынша жеке кездесуді келісу.
20 қаңтарда кешкі уақытта Путин қауіпсіздік кеңесінде мәжіліс өткізіп, “Мәскеу Трамп пен оның командасының Ресеймен үзіліп қалған тікелей байланыстарды қайта жандандыруға деген ұмтылыстарын байқап отыр” деп мәлімдеді.
– Ресей жаңа америкалық әкімшілікпен Украинадағы қақтығыс бойынша диалог жүргізуге дайын, – деді Путин.
ТРАМП ПЕН ПУТИН АСТАНАДА КЕЗДЕСЕ МЕ
Трамп пен Путиннің Астанада келіссөздер өткізетіні туралы болжам бірнеше ай бойы түрлі дереккөздерде айтылып келеді. Алғаш рет мұндай болжамды украиналық саясаттанушы Кость Бондаренко айтқан, кейін ресейлік әріптесі Аркадий Дубнов бұл пікірді қолдады. Соңында бұл гипотеза Қазақстанның телеграм-арналарында да талқылана бастады.
ДӘЛЕЛДЕР МЕН ҚАРСЫ ОЙЛАР
Ulysmedia тілшісі сарапшылармен сөйлесіп, жағдайды талдады. Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, мұндай кездесуді ұйымдастыру Астана үшін үлкен абырой болар еді, бірақ оның қаншалық мүмкін екені белгісіз. Сарапшы бұған дейін АҚШ президенттерінің Қазақстанға әлі ешқашан сапар жасамағанын атап өтті.
Қазақстан бейтарап және көпвекторлы саясатын ұстанғанымен, әлі де ҰҚШҰ құрамындағы, Ресей мен Қытай мүдделері тоғысқан ел болып қала береді.
– Әрине, мұндай саммитті өткізу Қазақстан үшін пайдалы болар еді. Себебі көптеген жиналыста тек формалды мәселелер талқыланса, бұл нағыз шынайы саммит болмақ. Ол әлемнің тағдыры, қанды әскери қақтығыстың тағдыры шешілетін кездесу болады. Сондықтан дипломатиялық тұрғыда бұл Қазақстан үшін үлкен жеңіс болар еді, әсіресе соғыс аяқталатын болса, – деді ол.
Ғазиз Әбішев АҚШ әкімшілігі Астананы келіссөздер алаңы ретінде қарастыруы мүмкін екенін, бірақ бұл рөлге бәсекелес өзге елдер де бар екенін айтты.
– Ресей мен Қытай мүдделері тоғысқан елге барып, өз мүдделерін көрсету АҚШ әкімшілігі үшін қызық болар еді. Ақыр соңында Трамп Қытайға қарсы тұруды өзінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде атап отыр.
Дегенмен, Трамптың айналасында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші, мемлекеттік хатшы, ұлттық барлау директоры секілді бүкіл команда болады. Олар түрлі факторларды ескереді. Соның бірі – Қазақстанның ҰҚШҰ мүшесі екендігі. Саяси тұрғыдан, ҰҚШҰ аумағына, әрі алыс елге, ешқандай екіжақты күн тәртібінсіз бару қарсы дәлел болуы мүмкін, әсіресе басқа елдер бәсекелес болып отырса, – деп нақтылады Әбішев.
Саясаттанушы кез келген ел тарихи келіссөздерді ұйымдастыру мүмкіндігінен бас тартпайтынын айтты. Ол Сербия, Венгрия, Әзербайжан, Түркия және БАӘ-ні саммит өтуі мүмкін ел ретінде атап өтті.
– Бұл жерде үлкен бәсеке бар. Қазақстанды ерекше алаң ететін мықты дәлелдер болуы керек.
Қазіргі кезде мұндай дәлелдер жеткіліксіз. Иә, Қазақстан Рим статутын ратификациялаған жоқ, бірақ Трамптың командасы Қазақстанды Ресей мен Қытайға тым жақын орналасқан, алыс және әлі дайын емес ел ретінде қарастыра алады. Сонымен қатар, егер оны Ресей мен Қытайдың ықпал аймағына кіру мүмкіндігі ретінде қарастырса да қызық болуы мүмкін. Әзірге күтейік, – деді Әбішев.
ШЕТ АЙМАҚ
Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің Халықаралық экономика мектебінің профессоры Иқболжон Қорабоев та осындай пікір білдіріп, АҚШ президенттерінің Орталық Азияға әлі ешқашан келмегенін, тіпті америкалық шенеуніктердің бұл аймаққа сирек келетінін атап өтті. Дегенмен, оның айтуынша, әлемдік саясатта бәрі мүмкін. Тіпті Трамп Мәскеуге барып қалуы да мүмкін.
– Астананы ықтимал орын ретінде қарастыруды азайтатын белгілі бір қиындықтар бар. Олар орын таңдаудың ерекшеліктерімен және АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатының логикасымен байланысты.
Маңызды келіссөздерді сәтті өткізу үшін көшбасшылар өздерін жайлы және сенімді сезінуі керек. Мысалы, Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Сауд Арабиясын келіссөздер үшін ыңғайлы орын деп атаған. Орталық Азия, өкінішке қарай, америкалық саяси элита үшін географиялық тұрғыдан да, қабылдау тұрғысынан да әлі де таныс емес жер, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Трамп пен оның серіктері “кездесуге дайындық” туралы айтқанның өзінде, мұндай шараны түпкілікті ұйымдастыру үшін көп уақыт қажет болуы мүмкін. Бұдан бөлек, келіссөздердің күн тәртібі Украина мәселесінен асып, кеңеюі мүмкін.
– Трамп өзінің прагматизмімен және “үлкен мәмілелерге” ұмтылуымен танымал, сондықтан АҚШ пен Ресей арасындағы ауқымды келісім жасасуды қалауы мүмкін. Мұндай ауқымды мақсат посткеңестік кеңістіктің болашағын талқылауды қамтып, кездесуді қосымша уақытқа шегеруі ықтимал, – деп түсіндірді ол.
Сарапшы Трамптың жеке талғамдары да кездесуді өткізу орнын таңдауға әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Мысалы, Трамптың MAGA идеясына негізделген саяси ұстанымы Венгрияны таңдап, одақтасы премьер-министр Виктор Орбанның позициясын нығайтуы мүмкін.
Кездесу өтуі мүмкін тағы бір жер ол – Нью-Йорк. Онда кездесу 2025 жылдың күзінде БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде өтуі мүмкін. Бұл кездесуді дайындауға жеткілікті уақыт берер еді, деп есептейді Иқболжон Қорабоев.
– Қорытындылай келе, Астана жаһандық және өңірлік мәселелерді талқылау, сондай-ақ маңызды келісімдер жасау үшін маңызды алаң ретінде танылғанымен, америкалық саясаттың ерекшеліктері, аймақты қабылдау және Батыстағы идеологиялық әрі саяси өзгерістер динамикасы Трамп пен Путиннің кездесу орны ретінде басқа локацияларды таңдауға түрткі болуы мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.
ТАҒЫ ҚАНДАЙ НҰСҚАЛАР БАР
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін келіссөздерді өткізуге дайын екенін ресми түрде екі ел – Сербия мен Швейцария мәлімдеген болатын.
Тағы 10 ел делдалдық ұсынды және кездесу өтетін орын бола алады. Олар – Бразилия, Венгрия, Вьетнам, Мысыр, Үндістан, Қатар, БАӘ, Сауд Арабиясы, Словакия және Оңтүстік Африка.