«Трамп өз қалтасынан берген жоқ қой, неменеге қуанып жатырсың дегендер болды»: $1200 алған АҚШ-тағы жерлесіміз неге таңғалғанын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

АҚШ-та бірнеше жылдан бері тұратын жерлесіміз Тимур Хан күтпеген жерден ел билігінен 1200 доллар көлемінде көмек алды. Мемлекеттің коронавирусқа байланысты бөлінген көмегіне Тимур арыз-өтініш білдірмеген көрінеді. Stan.kz тілшісі жерлесімізбен байланысып, мән-жайды білді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алған. Кейін АҚШ-қа аттанып, ол жерде қаржылық мамандық бойынша білімін жалғастырды. Нью-Йорк, Бостон, Майами қалаларында тұрған. Қазір Кис аралында тұрады. Соның арқасында коронавирус жайлаған АҚШ-та ол өздерін қауіпсіз сезінетінін тілге тиек етті. Себебі арал халқының саны айтарлықтай көп емес және елдің басқа қалаларымен қатынасты жауап тастаған. 

Тимур — Фейсбук, Инстаграм әлеуметтік желілерінің белсенді пайдаланушысы. Ол еліміздегі барлық оқиғаларды жіті бақылап, өзінің ойын ортаға салып отырады. Жуырда отандасымыз АҚШ өкіметінен шотына $1200 түскені туралы жаңалығымен бөлісіп, таңғалғанын жасырмады. Ол еліміздің үкіметі бөлген 42 500 теңгені алу жыры да көп екеніне налыды. 

«Титімдей 42 500 теңгені алу үшін жерлестеріміз ұзын-сонар кезекте тұрып, карантин тәрбінін жайына қалдырып, төбелеске дейін барып жатқанын көріп, ішім ашыды. Маған 1200 доллар аударыпты деп ешкіннің намысына тигім келген жоқ, бірден айта кетейін. Мен ешқандай өтініш білдірмегеннен кейін қатты таңғалғаным рас. Бізде әдеттегідей, дүниеге келгеннен бастап, перзентханадан, бала-бақшадан университетке дейін «жақсы орналасу» үшін «рахмет» айтуымыз керек. Біздің билік те дамыған елдерден үлгі алса деймін, бірақ қайдам. Мені ашындыратыны — 42 000 теңгені қажеттіліксіз алған азаматтарды қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр деген ақпарат. Сонда бар болғаны осы сома үшін соттауға дейін барса, онда 1200 доллар көлеміндегі көмектің бөлінуі неғайбыл», — деген пікірде Тимур.

Ол әлеуметтік көмек оған дейін өзі төлеген салықтары есебінен төленгенін айтады. Тіпті бсында «Неменеге қуанып жатырсың, Трамп өз қалтасынан төлеп жатқан жоқ қой, өзің төлеген салықтан қайтып беріп жатыр» дегендер де болыпты. Олардың бірі — біздің басқа жерлесіміз, қазір АҚШ-қа жер аударған Бекжан Ыдырысов. Бірақ бала кезімнен басқа жүйеге үйренген маған бұл ерекше жәйт болды дейді Тимур. 

«Біздің елде адамдар 42 500 теңгені аламын деп ЕGov, басқасына кіріп, сорлап жүргенде, маған жай ғана ол көмектің «түсе салғаны» әрине қуантады. Сонымен қатар бұл әлеуметтік көмектің қомақты болғаны да қуантады. Трамп мырза уәде еткен күні ақша шотыма түсті. Мені айтпағанда америкалықтардың өздері де қуанып жатты. Егер карантин жалғасса, мұндай көмек тағы да түсуі ықтимал. Бірден басын ашып өтейін, жылына 75 мың доллар тапқан азаматтарға 1200 доллар, 75-150 000 мың аралығында тапқандарға — 2400 доллар бөлінеді. Одан бөлек әрбір балаға 500 доллар бөлінді. Осында тұратын біздің басқа жерлесіміз де — АҚШ азаматы емес — балаларына әлеуметтік көмек алды», — дейді жерлесіміз.

Тимурдың айтуынша, «Work and Travel» сынды бағдарламалармен АҚШ-та жұмыс істеген жастарға да бұл көмек түсіпті. Бірақ ел билігі қателесіп жіберген ақшасын қайтарып алмақ екен, сондықтан Тимур қазір басқа елде тұратын, бірақ көмек алған азаматтарға бұл ақшаны қайтарып беруге кеңес береді. Себебі болашақта бұл жәйт америкалық визаны рәсімдегенде кері әсерін тигізуі мүмкін. 

Отандасымыз АҚШ-та 1200 доллардың құны әртүрлі дейді. Мәселен, Калифорния штатында өмір сүру деңгейі жоғары әрі қымбат, сондықтан тек бірнеше аптаның азық-түлігіне жетуі мүмкін. Ал Техаста бір айлық пәтерақыны төлеуге жарайды.

Тимур АҚШ-та карантин кезінде мемлекеттік қолдау сондай-ақ бизнес өкілдеріне де көрсетілетінін айтады.  

 

 

stan.kz