Трамп Мексикамен шекарада дуал құрылысын бастай алады
Жұма, 26 шілдеде АҚШ-тың жоғарғы соты президент Дональд Трамп Пентагон бюджетінен бөлінетін 2,5 миллиард долларды Мексикамен шекарада дуал құрылысын салуға жұмсай алады деп мәлімдеді.
Бұған дейін бұл шешімге байланысты бірнеше эколог жоғарғы сотқа шағым түсірген еді. Олардың пікірінше, мұндай қабырға америкалықтардың табиғат әдемілігін тамашалауына кедергі келтіреді және тұрғындар дуал маңын демалыс орны ретінде пайдалана алмайды. Жоғарғы сот экологтардың бұлайша арыз түсіруіне құқығы жоғын айтқан. Шамамен екі ай бұрын федералдық сот конгреспен келісілмеген мақсатқа президенттің қаржы жұмсауына құқығы жоқ деген өкілдер палатасы мүшелерінің шағымын кері қайтарған еді.
Конгресте көпшілік болып отырған демократтар мен президент Трамп арасындағы текетірес осы ақпан айында ушыққан. Ол кезде Дональд Трамп Мексикамен шекарада төтенше жағдай жариялап, Пентагон бюджетінен дуал құрылысы үшін қаржы бөлгізуге тырысқан. Конгресс оның дуал салу туралы шешімімен келіспегеннен кейін президент осындай қадамға барған. Содан бері президент түрлі сот арқылы жоспарын орындатуға тырысып келеді.
Жоғарғы сот шешімі Трамп әкімшілігіне Мексикамен шекарадағы 150 шақырым жерге дуал тұрғызуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде соған ұқсас тағы бірнеше сот отырыстары өтіп жатыр.
Заңсыз мигранттардан қорғану мақсатында дуал тұрғызу — Трамптың сайлауалды кампанияларында берген басты уәделерінің бірі.