Трамп Иранның «АҚШ тыңшыларын ұстағаны» жайлы хабарын терістеді

0

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның «АҚШ тыңшыларын ұстағаны» жайлы ақпараты мен айыптауларын жоққа шығарды. Бұған дейін Тегеран АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (CIA) «шпиондық жүйесін әшкерелеп, 17 тыңшыны тұтқындағаны және кейбірін өлім жазасына кескені» туралы хабарлаған.

​22 шілдеде Ақ үйде журналистер алдында сөйлеген Трамп Тегеранды «АҚШ-ты сыйламайды» деп сөгіп, соның кесірінен Иранмен жаңа ядролық келісімге келу «қиындап» кеткенін айтқан. Бұған дейін Тегеранның ядролық бағдарламасы жайлы 2015 жылы қол қойылған келісімнен АҚШ былтыр шығып кеткен.

Журналистермен кездесер алдында Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Иранның Орталық барлау басқармасы тыңшыларын ұстағаны жайлы есебі — мүлде жалған. Бір түйір шындығы жоқ. Сәтсіздікке ұшырап, не істерін білмей отырған діни режим өтірік пен пропаганданы көбейтіп жатыр. Олардың экономикасы өлген, бұдан да жаман болады» деп жазды.

Содан біраз бұрын Иран өз арнайы қызметі 18 шілде күні АҚШ Орталық барлау басқармасының «тыңшылар желісін» әшкерелегенін хабарлаған.

«Кейбірі өлім жазасына кесілді, ал кейбірі ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды» деген министрліктің аты-жөні аталмаған өкілі.

Иран мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, «тыңшыларды ұстау» операциясы бір жыл бойы жүргізіліп, биыл наурызда аяқталған.

Azattyq