Трамп инаугурация қарсаңында Вашингтонда төтенше жағдай жариялады
АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа президентті инаугурациялау салтанаты қарсаңында Вашингтон қаласында төтенше жағдай жариялады. Инаугурация салтанаты 20 қаңтарда өтеді.
Төтенше жағдай 11 қаңтарда басталып, 24 қаңтарда аяқталады. Ақ үй мәлімдемесінен бұрын билік келесі аптада Джо Байденге билікті тапсыру кезінде тәртіпсіздік болуы мүмкін екенін ескерткен.
Бұның алдында астанада төтенше жағдайды Вашингтонның жергілікті билігі жариялаған. Мұндай шешімге 6 қаңтарда Вашингтонда Трамп жақтастарының Капитолийге басып кіруі себеп болды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Дональд Трамп пен вице-президент Майкл Пенс дүйсенбі күні кешке Ақ үйде кездесіп, «жылы әңгімелескен». Вашингтондағы оқиғадан соң Трамп пен Пенс келіспей қалғаны туралы сыбыс тараған еді.
Сәрсенбі күні АҚШ Конгрессінің өкілдер палатасы президентке импичмент жариялау жөніндегі мәселені дауысқа салады.
АҚШ астанасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша күш енгізіліп жатыр. Апта соңына дейін Вашингтонға 10 мыңнан астам сарбаз кіреді.