Трамп G20 саммитінде Путин және Си Цзиньпинмен кездесетінін айтты

0

АҚШ президенті Дональд Трамп маусым айында Жапонияда өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің саммиті кезінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетінін айтты. Трамп мұндай мәлімдемені 13 мамыр күні журналистермен кездесуі кезінде жасады.

Бірақ Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзінше, Вашингтон Трамп пен Путин кездесуін ұйымдастыруды сұрамаған. «Ешқандай сұраныс келіп түспеді. Әлі ешбір келісім жасалған жоқ» деді Песков.

Бұған дейін ресейлік «Коммерсант» газеті АҚШ мемлекеттік департаментінің атын атамаған шенеунігіне сілтеме жасап, Ақ үйдің Путин мен Трамп кездесуін сұрап, Кремльге қайырылғанын хабарлаған. Мамырдың басында екі ел президенті телефонмен сөйлесіп, Венесуэла, Украина және Ирандағы ахуалды және Ресейдің АҚШ сайлауына ықтимал килігуін тергеген Роберт Мюллердің зерттеу қорытындысын талқылаған.

Бұған қоса Трамп саммит кезінде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесетінін айтты. Екі ел арасында былтырдан бері «сауда соғысы» жүріп жатыр. Биыл мамырда Пекин мен Вашингтон мәмілеге келуі тиіс еді, бірақ бірер күн бұрын Трамп Қытай шенеуніктерін «келісім талаптарын бұзды» деп айыптап, салықты тағы өсірді. Қытай да осыған бара-бар жауап шарасын жасап, Америка тауарларына жаңа баж салығын енгізді.

Azattyq