Трамп АҚШ әскері Сириядан шығатынын жариялады

0

АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter әлеуметтік желісінде жариялаған видеоүндеуінде Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы соғыстағы «тарихи жеңістен кейін» барлық америкалық әскерилер «Отанына қайтады» деп мәлімдеді. Әскерді шығару жоспарын АҚШ Конгресінде республикашылдар да, демократтар да сынады.

«Біз ИМ-ді жеңдік, біз оларды талқандап, кәдімгідей күйреттік. Қазір әскеріміздің үйге оралатын уақыты келді», — деп мәлімдеген Трамп желтоқсанның 19-ы күні жасаған мәлімдемесінде.

Оның бұл үндеуі осыған дейін президенттің «Біз Сирияда ИМ-ді жеңдік, бұл Трамптың президенттігі кезінде сол елде қалуына жалғыз себеп болатын» деген твитіне байланысты алаңдаушылық танытқан америкалық конгресмендер мен АҚШ одақтастарының пікірталасы өрбіген тұста жарияланған.

Бұған дейін АҚШ ресми тұлғалары баспасөз құралдарына президенттің Сириядан АҚШ әскерін түгелдей шығару туралы шешім қабылдағаны туралы хабарлаған, ал Ақ үйдің ресми өкілі Сара Сандерс Сириядағы құрамы екі мыңға жуық әскери контингенттің бір бөлігі «халифат» күйрегеннен кейін Таяу Шығыстан кете бастағанын мәлімдеген.

Reuters агенттігі Сириядағы аты-жөні аталмаған америкалық әскери басшыларға сілтеме жасап, Трамптың шешіміне олардың таңғалып отырғаны туралы хабарлаған. Осыған дейін Сириядағы әскер басшылығы сарбаздарды тездетіп әкету сол елдегі АҚШ қолдайтын күштерге кері әсер тигізетіндігін айтып, алаңдаушылық білдірген.

Трамптың одақтасы, АҚШ Сенатындағы республикалық партия өкілі Линдси Грэм президенттің дәл қазір әскерді шығару туралы шешімі «қателік» және ИМ үшін, сонымен бірге Сирия президенті Башар Асад пен оның одақтастары Ресей мен Иран үшін «үлкен олжа» болатынын айтқан. Сенаттағы тағы бір республикашыл Марко Рубио Сириядан әскер шығаруды «сұмдық қателік» деп атаған. Демократ Джек Рид президенттің шешімін одақтас күрдтер алдында «сатқындық» және «президент Трамптың әлемдік аренада жетекші болуға қабілетсіздігіне тағы бір дәлел» болады деп мәлімдеген.

Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясында күрд және араб жасақтарына болысып жүрген АҚШ әскерилері. 15 желтоқсан 2018 жыл.

Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясында күрд және араб жасақтарына болысып жүрген АҚШ әскерилері. 15 желтоқсан 2018 жыл.

Сириядағы АҚШ бастаған коалиция құрамында бар Ұлыбритания америкалық әскерилердің ықтимал шығуы жайлы айтпағанымен, ИМ тобы тарапынан қауіп бар деп санайды. Лондон ИМ содырларының территориясы болмаса да, «әлі көп шаруа жасалуы керек» деп біледі. «Біз [содырлар] төндіретін қауіп-қатерді назардан шығармауымыз керек. Тіпті территориясы жоқ болса да ДАИШ қауіпті болып қалады» деген британдық Форин офис өкілдері. «АҚШ Сириядағы бұл оқиғалар ғаламдық коалиция немесе оның кампаниясы аяқталғанының белгісі емес екендігін айқын білдірді. Біз коалиция мүшелерімен мақсатқа жету жолындағы жұмысты жалғастырамыз» деп мәлімдеген Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі өкілдері.

АҚШ Сириядағы әскери әуе операцияларын 2014 жылы бастап, 2015 жылы жаяу әскерін жіберген. Қазіргі кезде Сирияда екі мыңға жуық америкалық әскери бар, олардың көпшілігі – ИМ тобына қарсы күресіп жатқан күрд және араб жасағымен бір альянстағы арнайы әскери бөлімшелер. Сириядағы АҚШ әскерінің үлкен бөлігі елдің солтүстік-шығысында орналасқан. Америкалық әскерилер осы аудандарда «Ислам мемлекеті» тобынан азат етуге болысқан, бірақ аймақта қарулы қарсылық танытып жатқан содырлар әлі бар.

Президент Трамптың видеоүндеуінде әскердің дәл қай уақытта шығарылатыны айтылмаған. Бірақ CNN телеарнасының Пентагон басшысына сілтеме жасап хабарлауынша, жоспар әскерді «толық» және «жылдам» шығаруға арналған. CBS телеарнасының хабарлауынша, Ақ үй АҚШ қорғаныс министрлігіне «әскерді дереу шығаруды жоспарлауға» кірісуді бұйырған.

«Әскердің қорғанысы мен операция қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біз қосымша ақпарат бермейміз. ИМ тобы қай жерде болса да, оларды күйрету үшін әріптестеріміз және одақтастарымызбен жұмысты жалғастырамыз» деп мәлімдеген Пентагонның баспасөз хатшысы Дана Уайт. Оның сөзінше, коалиция бұрын ИМ бақылауында болған территорияны «азат еткен», бірақ экстремистік топқа қарсы кампания «әлі аяқталған жоқ».

Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Сириядан әскерін шығару туралы шешімі осы елдегі жанжалды саяси жолмен реттеу перспективасына жол ашатыны туралы мәлімдеді деп хабарлайды ТАСС агенттігі. Бұған дейін Ресей Сирия президенті Башар Асадтың үкіметі құптамайтындығы себепті америкалық әскердің Сирияда болуға құқы жоқ деп бірнеше рет мәлімдеген.

Сирияның Хмеймим әуе базасында жүк тасымалдайтын ұшақтан ресейлік С-30 зениттік-зымыран кешенін түсіріп жатыр. 3 қазан 2018 жыл.

Сирияның Хмеймим әуе базасында жүк тасымалдайтын ұшақтан ресейлік С-30 зениттік-зымыран кешенін түсіріп жатыр. 3 қазан 2018 жыл.

Сирияда 2011 жылы наурызда үкіметке қарсы наразылықты биліктің басып-жаншуынан басталған және 400 мыңға жуық адамның өмірін қиған қарулы жанжал кезінде Мәскеу мен Тегеран Асад режиміне қолдау танытып келеді. Жанжал кесірінен миллиондаған сириялық азамат үй-жайын тастап бассауғалап кетуге мәжбүр болған, көптеген тарихи орындар күйреп, қиратылған. 2014 жылы экстремистік күштер Сирия мен Ирактың ауқымды бөлігін бақылауына алып, «халифат» құрғандарын жариялаған. Қазіргі кезде «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы содырлары Иракта бақылауында ұстаған территориядан айрылған, бірақ ара-тұра шабуыл жасап отырады.

Дереккөз: Азаттық