Toyota жүргізушісі жол бойында отырған сатушы әйелдерді қағып кетті
Қысқа сілтеме алу
Жол апатынан зардап шеккен екі сатушы келіншек түрлі жарақатпен Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілді
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. «Нұр-Сұлтан — Щучинск» тас жолының 208-ші шақырымында жол апаты болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 25 жастағы «Toyota Camry» жүргізушісі басқа көлікпен соқтығысып қалмау үшін рөлді демалыс аймағына бұрын жібереді. Ол жерде тосап пен бал сататын әйелдер отырған.
«Көлік жүргізушісі 35 және 40 жастағы екі сатушы келіншекті қағып кетті. Оларды сан алуан жарақатпен Бұланды аудандық ауруханасына жеткізді. «Toyota Camry»-де жүргізушіден бөлек 20 және 25 жастағы екі қыз отырған. Жастар зардап шеккен жоқ», — дейді компанияның баспасөз хатшысы Маржан Ордабай.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ауа-райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар тас жолдарда 625 техника жұмыс істеп жатыр.
«ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Жылдамдықты бақылап, қозғалыс интервалын ұмытпау қажет. Негізсіз маневр жасамаңыз. Сосын алыс жолға тек қысқы шинамен шығуға кеңес береміз. Ал штаттан тыс жағдайлар болса, 1403 нөміріне хабарласуға болады», — деп атап көрсетті Ордабай.
sputniknews.kz