«Тоталитарлық режим қалдықтары». Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің митингіге реакциясы
Мәскеу қалалық думасының сайлауына комиссия тәуелсіз кандидаттарды тіркемей қойған соң тамыздың 3-інде «әділ сайлау» талап еткен жүздеген жұрт Ресей астанасында тағы наразылыққа шықты. Митинг басталмай тұрып, бірнеше белсенді мен саясаткер ұсталды. Наразылық өтеді деп жоспарланған жерге ереуілшілерден бұрын полиция жетті. Арнайы жасақтың қалқан мен резеңке таяқ ұстаған жүздеген сарбазы сол маңды сап түзе қоршап тұрды. Аздан соң байланыс нашарлап, интернет баяулады.
ЖАППАЙ ҰСТАУ МЕН ИНТЕРНЕТТІ ШЕКТЕУ
Ұсталғандар арасында «жай өтіп бара жатырмын» дегендер де, журналистер де болды. Бірер сағат ішінде арнайы жасақ ұстап әкеткен адам саны, «ОВД-Инфо» құқық қорғау порталының дерегінше, мыңнан асқан. Жетпістен аса адам полицейлердің соққысынан жараланған шілденің 27-сінде Мәскеуде өткен наразылық сияқты бұл жолы да полиция кей азаматтарды аямай ұрды.
Қазақстанда жыл басынан бері түрлі саяси талап пен билікке қарсы ұрандар айтылған митингілердің барысын бақылағандарға Мәскеудегі наразылыққа Ресей билігінің танытқан реакциясы таңсық көрінбейді.
Мәскеуде наразылық өтерден бір күн бұрын, тамыздың 2-сінде билік «Әлеуметтік желілерде азаматтарды митингіге қатысуға үндеген хаттар тарап жатыр. Азаматтарды рұқсат етілмеген митингіге қатыспауға шақырып, ұйымдастырғандар мен наразылыққа келгендердің жауапқа тартылатынын ескертеміз» деп жариялаған. Қазақстан билігінің де «митингі күні полицияның қоғамдық тәртіпті сақтауға барын салатынын» ескерту тәжірибесі бар. Мәселен, мамырдың 1-інде митинг өтерден екі күн бұрын, сәуірдің 29-ы күні Қазақстан бас прокуратурасы тап Мәскеу хабарламасындай «Әлеуметтік желіде митингіге шақыру тарап жатыр…» деп басталатын үндеу жасаған. Нұр-Сұлтан да «заңсыз митингіге шыққандар жазаға тартылатынын» ескерткен еді.
Наразылық өтетіні белгілі болған сәтте көшелерде полицей мен арнайы жасақ қарасының көбеюі, алаңдардың қоршалуы, әдетте адамдарды әкеткенде көрінетін автобустардың көзден таса тұстарға қойылуы мен байланыстың бұғатталып, интернеттің баяулауы Қазақстандағы митингілер кезінде де ұдайы байқалады.
Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауы кезінде, маусымның 9-12 күндері «әділ сайлау» талап еткендер наразылығы күшейген тұста полиция астанадағы Жастар алаңы маңындағы көшелерді жапқан. Көлік пен автобустар, қала тұрғындары арнайы жасақ қоршаған маңды айналып өтуге мәжбүр болған. Мұндай тәжірибе Ресейде де байқалады. Митинг өтетіні хабарланған тамыздың 3-інде Мәскеу орталығы жабылып, тұс-тұсқа қоршау қойылды. Наразылық өтуі тиіс болған уақыттан бірер сағат бұрын қала ортасы қаңырап қалған еді. Әдетте көшесі кептеліп, адамы құжынап жататын Алматыда маусым айында наразылық күшейгенде мекемелер мен дүкендердің ерте жабылып, қалаға таңсық тыныштық орнағаны сияқты, Мәскеуде де тамыздың 3-інде біршама мекеме митингіге байланысты жұмыс уақытын ерте аяқтаған.
Мәскеуде митинг өтетінінен хабарсыз болып, сол маңда жүргенде ұсталғандар сияқты «наразылыққа келмедім» десе де, полицейлер автобусқа күшпен мінгізгендер Қазақстанда былтыр да, биыл да болып еді.
Митингіге шыққандарға күш қолдану да екі ел полициясына ортақ әдіс. Биыл мамырдың 1-і күні Қазақстанның бірнеше қаласында «Тоқаев біздің президент емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!» деген ұрандармен наразылық акциялары өткен. Нұр-Сұлтандағы шеру кезінде арнайы жасақ өкілдері азаматтарды тарату үшін резеңке таяқпен ұрған. Полиция мұны жоққа шығарып, күш қолданғанына айғақ сұрап, артынша «тексеруге» уәде еткен. Нұр-Сұлтанда тұратын Ермекбол Тілеухан өзін «арнайы жасақ өкілдері резеңке таяқпен ішінен, аяғынан ұрып, қылқындырғанын айтқан» еді. Тілеухан екі күннен соң он тәулікке қамалған.
Мәскеуде де тамыздың 3-інде жерде жатқан екі азаматты арнайы жасақтың резеңке таяқпен аямай ұрғаны көптің наразылығын туғызған. Мәскеулік полицияның демонстранттарға күш қолдануы бір бұл емес. Шілденің 27-сінде әділ сайлау талабымен өткен наразылық кезінде 70-тен аса азамат арнайы жасақ ұстап жатқанда жараланған.
«ЗАРДАП ШЕККЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР»
Екі ел билігінің наразыларға қарсы қолданған шараларын құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар сынағанымен, Нұр-Сұлтан да, Мәскеу де полицейлер әрекетін «заңды» деп мәлімдеуден танбайды. Қазақстан ішкі істер министрлігі биыл маусымда өткен президент сайлауы кезінде полицияның азаматтарды ұстау кезінде «барынша заңға сай әрекет еткенін» айтқан. Сол сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, 70 пайыздан аса дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев «[наразылық кезінде] қызметін кәсіби түрде атқарған полицияға алғыс» та білдірген еді. Мәскеу де тамыздың 3-інде полицияның «тұрғындар өміріне зиян келтірген адамдарды ғана ұстағанын» хабарлаған.
Қазақстан билігі биылға дейін наразылық кезінде ұсталғандар саны жайлы деректі ашық айтпайтын. Түрлі митингілерден бірер күннен соң тараған полицияның ресми хабарларында «заңсыз митингіге шықты» деп сипатталатын азаматтар саны құқық қорғаушылардың есебіндегіден әлдеқайда аз болып тұратын. Ресейде де ресми дерек пен құқық қорғау ұйымдарының есебі қабыспайды.
Биылдан бері Нұр-Сұлтан полициясы кейбір ресми БАҚ рұқсатсыз митинг өткенін, қанша адамның ұсталғанын ашық айта бастады. Оған қоса түрлі БАҚ арқылы наразылардың «қалай заң бұзғанын әшкерелейтін» видеолар таратты.
Мәселен, кезектен тыс президент сайлауы өткен күнгі наразылықтан соң Қазақстан ішкі істер министрлігі наразылар туралы видео жариялады. 5 минут 20 секундтық видеода «арнайы жасақтың қалқанын теуіп жатқан, автобус есігін бұзып жатқан, көліктің алдын жауып жатқан» наразылар көрінеді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі маусымның 9-12 күндері наразылық кезінде «4000-нан аса астам ұсталды» дегенімен, министрлік таратқан әлгі видеода полицияның адамдарды ұстап жатқаны мүлде көрсетілмеген.
Алаңға шыққан азаматтарды «агрессивті тобыр етіп сипаттау» – Ресейде де бар тәжірибе. «Россия 24» мемлекеттік телеарнасындағы «Тікелей эфир» хабарында Мәскеудегі митинг туралы сөйлеген эфир жүргізушісі наразылардың «полицияға шабуыл жасап, адамдарға тас атқанын» айтады. Студиядағы үлкен экраннан сол сәтте «полицияны арандатып тұрған, арнайы жасаққа қарай қоқыс лақтырған наразылар» видеосы көрсетіледі.
Қазақстанда да, Мәскеуде де билік әуелі наразылық кезінде жараланған азаматтар туралы емес, митингіге шыққандардан зардап шеккен полицейлер жайлы хабар таратады. Мәселен, маусымның 9-12 күндері өткен наразылық кезінде министр Тұрғымбаев «наразылықты тарату кезінде 300-ден астам полицейдің жарақаттанғанын» айтқан. Министр «бір полицей басына тас тиіп, ауруханаға жеткізілген соң миы шайқалғаны анықталды» деген. «Жараланған полицейлер» жайлы министрлік дерегін кейін президент Тоқаев та қайталады.
Ресей билігі бұл тәжірибеден жаңылмайды. Мәскеу шілденің 27-сінде де, тамыздың 3-інде де әуелі жаралы полицейлерді түгендеп шықты.
Наразыларды жазалауға келгенде де екі ел билігінің әрекеті бір. Ресейде де, Қазақстанда да билік рұқсат етпеген акциялардан соң «митинг өткізу ережесін бұзды» деген айыппен кейде ондаған, кейде жүздеген адам жазаға тартылады. Мәселен, Қазақстандағы президент сайлауы кезінде өткен наразылық барысында билік төрт мыңдай адам ұсталғанын айтқан. Ресми дерекке қарағанда, үш мың адам профилактикалық әңгімеден соң босатылып, 957 адам полиция бөлімшесіне жеткізілген соң жауапқа тартылған. Министр Тұрғымбаев «оның 657-сіне — қамау, 128-іне айыппұл кесіліп, 168 адамға ескерту берілген» деген.
Ресейде де билік рұқсат етпеген әрбір ірі наразылықтан соң 10-15 күнге, бір айға қамалғандар мен бірнеше мың рубль айыппұл кесілгендер туралы ақпарат біраз уақыт күннің бас хабарына айналады.
«АЗАМАТ СОҒЫСЫ»
Азаттық сөйлескен сарапшылар – Орталық Азиядағы демократиялық даму қорының жетекшісі, қазақстандық саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева мен Ресей саясаттанушысы, Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов «Қазақстанда да, Ресейде де үкімет өзін биліктің жалғыз иесі санайды, сондықтан наразылық білдіргендерді басып-жаныштайды» дейді.
Үмбетәлиеваның айтуынша, наразылыққа дайындық, алаңға шыққандарды күшпен тарату, оларды жазалауда Қазақстан мен Ресейдің ұқсастығы «сәйкестік емес».
— Екі ел де бір саяси мәдениеттен шыққан, екі елде де тоталитарлық режим қалдықтары бар. Бір-бірімізден көшіреміз. Біз – Ресейден, Ресей бізден алады. Демократиялық елдерде басқаша ойлайтындар жау ретінде қабылданбайды. Ал біздің саяси мәдениет – осы, — дейді Үмбетәлиева.
Саясаттанушы Қазақстан билігі мен оған наразылар арасындағы қазіргі қарым-қатынасты «азамат соғысына» ұқсатады.
— Билік әрекеті күштік сипатқа ие болып барады. Тарихта болған азамат соғыстарының формасы өзгеше болған шығар, бірақ қазіргі жағдай соған келеді. Белгілі бір саяси идеологиялық топ екінші бір топты қырып тастайды. Совет кезінде идеологиялық жау ең басты қарсылас саналатын. Өзгеше ойлайтындармен [Қазақстан билігі] де әлі күресіп жатыр, — дейді сарапшы.
Ресейдегі наразыларды биліктің күшпен таратып, жазаға кесуін саясаттанушы Аркадий Дубнов та «ашық қырғи-қабақ азамат соғысы» деп сипаттайды. Бірақ сарапшы «Қазақстан мен Ресей биліктерінің митингіге қатынасында айырмашылық барын» айтады.
— Қазақстандағы қазіргі билік өз имиджін қалыптастырғысы келеді. [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев қоғаммен қатынастың жолын қалыптастыруы керек-тін. Билік наразыларды тыңдағысы келеді, не тыңдағысы келетіндей сыңай танытады. Ал Ресей билігі қасарысып, қырсығып отыр. Әділдік талап еткендерді тыңдамайтынын анық байқатады, — дейді маман.
Қазақстан билігі наразы жұртпен «диалог орнатуға мүдделі екенін» расымен айтқан. Биыл маусымда Тоқаев «халықтың жағдайы нашарлап кеткен соң наразылық көбейгенін, саяси өзгеріс болмаса, елдің жағдайы жақсармайды» деген. Ол «билік пен халық арасында диалог орнататын қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын» мәлімдеген. Азаттық сөйлескен кей сарапшылар билік жариялаған ұлттық сенім кеңесін «биліктің кезекті көзбояушылығы» деп санайды. Үмбетәлиеваның сөзінше, қазір билік пен оған наразылардың құндылығы мен ұстанымы екі басқа.
— Қазақстанға бір-біріне қарсы екі топты біріктіріп, екі жақтың күшін елді дамыту мақсатында жұмылдыратын концепция керек. Бірақ қазіргі билік «кім күшті болса, соныкі дұрыс» деп өзіне қарсыларды әрі қарай да жаныштай берсе, қоғам ілгері жылжымайды. Болмаса тәртіпті сүйетін, адамдарды құлға айналдыратын тоталитаризмге жетеміз. Алда не боларын қоғам шешеді – не төңкеріс жасайды, не билікпен мәміле іздейді, — дейді сарапшы.
Ресейлік саясаттанушы Дубнов «Кремль наразылықты басып-жаншу арқылы адамдардың өзіне деген ашу-ызасын күшейтіп жатыр» дейді.
— 30-ға толмаған азаматтардың қанына қорқыныш сіңе қоймаған. Билікке наразылық білдіріп жатқандардың көбі – өскелең жас. Бірнеше жылдан соң олар елдің негізгі бөлігіне айналады. Сол кезде билікке оңайға соқпайды. Соңы үлкен қақтығысқа ұласуы мүмкін, — дейді Дубнов.
Қазақстанды да, Ресейді де халықаралық ұйымдар біраз жылдан бері «азаматтардың саяси пікір айту еркіндігі сақталмаған елдер» қатарына қосып келеді. Әдетте құқық қорғау ұйымдары мен Еуропа Одағы Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің азаматтарды жаппай ұстауын «адам құқығын бұзу», «конституцияға қайшы іс-қимыл» деп сынайды.