Төсекке таңылған қыздың анасы: Аяғымен барған баланы қолға көтеріп келдік

0

Достарына демеу, анасына қолдау, қатарластарының алды болған елордалық Дариға болашағынан үлкен үміт күттірген еді. Бос уақытында ерікті болып, мұқтаж жандарға үнемі қол ұшын созып жүрген. Алайда жомарттығымен талайдың жүрегін елжіреткен Дариғаның өзі қазір көмекке зәру. Алты жыл бұрын ұйқы безінің қабынуымен ауруханаға түскен ол,  әп-сәтте төсекке таңылып, әлі күнге дейін тек батыр анасының арқасында ғана аман.  Қызының саулығы үшін күн-түн қасынан шықпайтын Ляззат апайдың халықтан көмек сұрайды, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Алты жылдан бері қызынан бір қадам алыстамаған Ляззат апайдың бар арманы осы. Жаратқаннан күні-түні сұлу қызының саулығын тілейді.

«Далада Дариғамен жасты қыздарды көргенде жүрегім ауырады. Ойлаймын менің қызым да осылай жүрсе екен деп…», — дейді Дариғаның анасы Ляззат Абзулдинова. 

Айтуынша, алты жылдан бері қызы да өзі де ұйқысынан айырылған.

«6 жыл болды ұйқы жоқ. Бірінші жарты жыл вообще ұйықтаған жоқпын. 5-15 минуттан. Қазір қайта ұйықтайды. 3-4 рет оянады. Ыстықтайды, тоңады, жөтеледі, түнде трахеостомасын тазалаймын. Сонымен түні бойы жүріс, таңертен тұрсаң қайтадан осы», — дейді ол.

2015 жылдың қаңтар айында осыған дейін денсаулығында еш кінәрат болмаған Дариғаның хәлі күрт нашарлап, ұйқы безінің қабынуымен ауруханаға түскен.

«Палатаға келсем, палатада жоқ. Реанимацияда дейді. Реанимацияға барсам, жүрегі тоқтаған 10 минутқа 3 клиникалық өлімді бастан кешірген. Өкпе, бауыр, барлық ағзаларын, ішкі құрылысын бәрін айтып отыр. Мен айтам қалай кеше ғана жүгіріп жүрген бала, таңертен сөйлеп отырған бала, қалай жарты сағаттың ішінде адамның барлық жері құртылып кетеді?», — дейді қапаланған ана.

Дегенмен, бұл сұрақтың жауабын ақ халаттылар әлі күнге дейін таба алмай келеді.  Анығы, бейкүнә қыздың бүтіндей тағдыры әп-сәтте талқан болды.

«Тура бар ғой, қызыл ет аламыз ғой базардан, қып-қызыл ет болып жатты. Денесі сөйтіп шіріп жатты, тірідей шіріп жатты ғой. Екі айдан кейін алып кеттік. Үйге көтеріп алып келдік. Аяғымен барған баланы, қолға көтеріп алып келдік», — дейді анасы.

Дариға есеп-қисапты шемішкедей шағып,  болашақта экономист болуды армандапты. Бос уақытын волонтерлік қызметке арнап, үнемі мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген екен. Анасының айтуынша, қызы донор болып, мұқтаждарға көмектесіп жүрген.

«Донор болып жүретін. Октябрьда как раз ауырғанның алдында қан тапсырып қыздармен бірге. Волонтер болып сөйтіп жүретін ылғи. Анаған көмектестім, мынаған көмектестім. Бір жерге жазылып, барып. Қазір да Дариға сияқты қыздар келіп көмектесіп жүр бізге». 

Дәрігерлер де қолдан келгенше көмектеседі екен. Батыр ананың №11 қалалық емхананың ақ халаттыларына алғысы шексіз. №11 Қалалық ауруханасының бас дәрігері емдеу және профилактикалық аурудың алдын алу бойынша орынбасары Эмина Ілиясова Дариға сияқты науқастарды шетелге жіберу керектігін айтады.

«Қазіргі күні Дариғаның мамасы және №11 қалалық емхананың ұжымы көмек сұрайды. Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен қазіргі күні жұмыс комиссиясы құрылып,  Дариға сияқты науқастарды  шетелге емдеуге жіберуге құжаттамалары дайындалуда»

Вегетативтік халдегі науқастарды әзірге тек Түркия елінде ғана емдейді екен.  Ал оған 21 млн 700 мың теңге керек. Әрине, мұндай сомманы қарапайым отбасының қалтасы көтермейді.

«Қазір Туркияға сеніп отырмыз. Мен білем тұрып кетіп, жүгіріп кетпейді ғой. Бірақ может ондайда болады.  Өйткені былай бәрін сезіп жатыр, естіп жатыр. бәрін түсініп отырған сияқты да. Хотя бы былай кішкене на контакт, айтып, көзімен бірдеңе нетсе, сосын әрі қарай жеңіл болатын сияқты, бері қарай шығарып», — дейді анасы Ляззат.

Дертке шалдыққан қызына қамқорлық жасап отырған ана үлкен үміті бар екенін жасырмайды.

«Мама сен менің балаларымды қарап бересің бе деп сұрайтын бұрын, мен айтам әрине қарап берем, «куда я денусь» деп. Соның бөпелерін тосып отырмын енді.  Көпшілікке көп ризамын. Адамдар звандап жатыр, жазып жатыр. Бәрі желаю здоровье деп. Соған кеше оқып жылағым келіп кетті. Өзіме-өзім жаным ашып кетті. Осындай жағдайға келіп, халықтан ақша сұрап отырамын деп ешқашан ойлаған жоқпын», — дейді ол.

Дариғаға көмектесем деушілерге: Ләззат Атбзулдинованың нөмірі: +7 777 674 28 01