«Төсек жаймасынан тігілген маска»: Меркі аудандық ауруханасының дәрігері жанайқайын жеткізді — Қазақстан жаңалықтары

0

Жамбыл облысы Меркі аудандық орталық аурухансының дәрігерлері әлеуметтік желілерде карантин кезінде өздеріне ешқандай жағдай жасалмағанын айтып шағымдануда. Солардың бірі Қаламқас Төреқұлова ауруханада болып жатқан сұмдық жағдайларды айтып, желіге видео жүктеп көпшіліктен қолдау сұрады. Stan.kz тілшісі Меркі аудандық орталық аурухансына хабарласып оқиғаның мән — жайын сұрады. 

меркі аурухана

Меркіде жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет атқарып жүргеніне екі жыл болған Қаламқас Төреқұлова аурухананың жағдайын айтып шағымданды. Оның айтуынша дәрігерлер масканы төсек жаймасынан тігіп тағуға мәжбүр. Өйткені карантин басталғалы бері 3-4 маскадан басқа ештеңе берілмеген. Аурухана басшылығы дәрігерлерден қолдан маска тігіп тағыңдар деп бұйырған. Одан бөлек антисептик, арнайы құралдар мен киіммен толық қамтылмағандарын жеткізген. 

Дәрігердің сөзіне қатысты түсініктеме алу үшін, Меркі аудандық орталық ауруханасының басшылығына хабарласқаан едік. Аурухананың материалдық базасына жауап беретін дәрігер-аудит Жанат Төребекқызы:

«Дәл қазір медициналық маскалар жеткілікті. Бірақ карантин басталған кезеңде тек біздің ғана емес, барлық республика бойынша маска табу қиын болғаны бәрімізге белгілі. Біздің ауруханада да сол кезде маска тапшылығы болды. Дәрігерлерге маска тігіп тағуын, осылай амалдай тұруын сұрадық. Бұл ақпартты жоққа шығармаймын, ондай жағдай болды. Бірақ қазір барлығы жеткілікті. Арнайы киімдер мен антисептиктер алуға басшылық арнайы ақша бөлді», — деп жауап берді

Осындай жағдайдан кейін жас мамандардың жұмыстан шығып кетіп жатыр деген ақпараттың қаншалықты рас-өтірігін сұрағанымызда:

«Бұл ақпарат жалған. Жағдай жасалмаған деп ешқандай жас мамандар шығып жатқан жоқ. Арасында отбасылық жағдайларға байланысты шығып жатқандар бар шығар. Бірақ карантин кезінде жұмыстан шықты деген ақпартты растай алмаймын», — деді Меркі аудандық орталық ауруханасының дәрігері. Ол сондай-ақ жыл басталғалы бері дәрігерлердің жұмыстан шығу фактісі болмағанын айтады. 

Айта кетсек, әлеуметтік желіде шу шығарған видео 9-нші сәуірде жарияланған. Жалпысалалы дәрігер Қаламқас Төреғұлова ақ халаттылар үшін ешқандай жағдай жасалмағанын, тіпті қарапайым маскалардың жоқтығын айтып шағымданған еді. Оның айтуынша, аурухананы жайлаған жемқорлық тиесілі қауіпсіздік шараларын сақтауға мүмкіндік бермейді. Аймақтың денсаулық сақтау басқармасынан бастап ауданның осы сала қызметкерлері мен аурухананың басшылығы бір-біріне ағайын-туыс болып келеді екен.

«Олар бір-бірінің сөзін сөйлеп, бір-бірін ақтап алады», — дейді жас маман. Меркі аудандық ауруханасының өкілі Жанат Төребекқызы тек карантиннің басында ғана қажетті нәрселер болмағанын айтады. Дегенмен әлеуметтік желіге шығып, белсенді азаматтар мен БАҚ-тан көмек сұраған жас дәрігер осыдан бірер күн бұрын танымал болған әріптесі Толқынай Ордабаеваның сөзін растады. Оның кабинетінен шыққан 400 масканың да қайдан пайда болғанын білмейтінін айтты. «Өйткені кабинеттерде камера жоқ, сондықтан тексерісті жүргізген жергілікті СЭС пен аудандық полиция департаментінің өкілдерінің сөзі қаншалықты шындыққа саятыны белгісіз», — деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірер бұрын аталған ауруханада қызмет ететін жас маман Толқынай Ордабаева коронавирус жұқтырып, ауруханада болып жатқан былықтарды әлеуметтік желілер арқылы жариялаған еді. 

stan.kz