«Төсек жайма не көрсетеді». Кавказдың ежелгі үйлену салт-дәстүрлері заманауи әйелдердің ізін аңдуда — Қазақстан жаңалықтары
Әрбір қыз баласы үшін ең бақытты сәттердің бірі үйлену тойы- патриархия қатты ұсталатын елдерде қорқынышты күндердің біріне айналған. Әзірбайжанда әлі күнге дейін ата-анасының шешімі бойынша жасалатын тойлар мен байырғы салт-дәстүрлер бұл қуанышты күнді қалыңдық үшін физикалық және психологиялық азапқа айналдырады, оның салдары жылдар бойы сезіледі, деп жазды BBC.
«Тойдан кейін, менің алдымда шешіне бастағанда, қорқып кеттім,- деп өзінің алғашқы неке түнін Эльмира есіне алады (кейіпкердің өтініші бойынша аты өзгертілген). – Тұрмысқа шыққанымды және бұл сәттің ерте ме, кеш пе болатынын білсем де, бұл ойлар мені тыныштандырмады- мен тек дәл қазір шешіну керек екенімді түсіндім».
Сол сәтте Эльмира 27 жаста еді, ол жоғарғы оқу орнын бітіріп, аудармашы болып жұмыс істеп жүрді. Күйеуін ата-анасы таңдап берген. «Анасын қуанту» үшін тұрмысқа шығуға келісімін берген. «Ол біздің көршіміз еді, оқымаған, тіпті өмірге деген көзқарасымыз да әртүрлі болды,- деп есіне түсіреді кейіпкер. — Ол жігітпен мені ағаларым таныстырды, жақсы жігіт екенін жеткізді. Мен көршімізге тұрмысқа шықсам, үнемі анамның көз алдында жүретініме ол қатты қуанды».
Эльмира анасына бірнеше рет отбасын құруға дайын емес екендігін айтқан. Анасы мән-жайдың бәрін туыстарына жеткізген соң, Эльмира олардың қысымына тап болған. «Жасым 27-де болғандықтан, туыстарым менің пәктігіме күмән келтіре бастады, оның үстіне тұрмысқа шыққым келмегені де олардың күдіктерін өршіте түскендей болды»,-дейді ол.
Алайда алғашқы неке түніндегі жыныстық қатынас Эльмира үшін бірінші рет болды. Соның бәрін біле тұра күйеуі Эльмираның жағдайына мән бермей, хәлін сұрамаған. Ол Эльмираға тап беріп, оның басы жиһазға соғыла бастағанда, көрші бөлмеден әйелдің: «Тынышталсаңдаршы, мәдениетсіздер!»,- деген дауысы естілген.
Есіктің ар жағында дәстүрге сәйкес «махаббат актіне» және қалыңдықтың пәктігіне куәгер болатын адамдар, Эльмираның анасы, екі әпкесі және алыс туысы отырған.
«Әр дыбыс естіліп тұрды, — дейді Эльмира. — Ал мен болсам ұяттан және ауырсынудан қалтырап, неке деген осы ма,- деп ойладым»,-дейді ол.
«Куәгер» рөлін атқарған алыс туысы, тойдан кейін жас жұбайлардың үйіне аттанып, алғашқы неке түнінде көрші бөлмеде отыруы тиіс, себебі қалыңдықтың жыныстық қатынастан хабары болмағандықтан, бөлмеден шығып, тәжірбиесі мол әпкесінен кеңес сұрауына рұқсат етілген.
Куәгердің міндетіне жас жұбайлардың төсек жаймасын алып кетуі кіреді.
Тойдан кейінгі келесі күні төсек жаймасын жұртшылыққа көрсету — Кавказ халықтары арасында таралған дәстүрлердің бірі.
Жаймадағы қан туыстары үшін жыныстық қатынастың болғанын дәлелдейді. Оны көрген туыстары жас жұбайларды құттықтап, жылы лебіздерін білдіреді, содан кейін ғана некенің шынайы екені расталады.
«Сондықтан неке түні құпияға оралған-өйткені төсек жайманың келесі күні не көрсететіні белгісісз,- дейді Шахла Исмаил, Әзірбайжандағы әйелдер құқығын зерттеуші. – Таңертең жайманы туыстарына көрсеткен соң, әркім көргеніне түсініктеме жасауын парыз деп санайды».
Егер жаймада қан болмаса, қызды үйден қуып шығып, ата-анасына «бүлінген» деп, қайтарып береді. Содан кейін қыз «ажырасқан» болып саналады- көп жағдайда бұндай қыздардың екінші рет тұрмысқа шығуы қиын, ал туыстары оны өмір бойы келемеждеуі мүмкін.
Әзірбайжандық құқық қорғаушылардың айтуынша, аталмыш дәстүрлер негізінен үлкен қалалардан тыс жерлерде ұсталады.
Кей жағдайларда тойға дейін қызды арнайы «мамандардың» тексеруіне апарып, оның пәктігін гинекологиялық процедурадан кейін растайды. Бұл шараның тиімділігі халықаралық ұйымдардың күмәнін тудырады. Өткен жылдың күз айында БҰҰ және ДДСҰ бұндай тәжірбие әйелдер үшін өте қауіпті әрі адам намысын қорлайтынын айтып, бұл үрдісті тоқтатуға шақырды. Мәлімдемеде пәктік туралы түсініктің медицинада жоқтығы және ол тек қоғамдық, мәдени және діни көзқарас екені жайлы атап айтылған.
Алғашқы неке түнімен Эльмираны-үрей, ұят және ауырсыну байланыстырады. Есіктің арғы жағында жарықты қосып, өшіріп жатқанын, шәй құйып жатқанын естіген Эльмира; күйеуі екеуін өзгелердің естіп жатқанын білген. «Ешнәрсе айта алмадым. Түні бойы көз ілмедім, ал күйеуіме бәрібір, ол ұйықтап қалды». Таңертең «куәгерлер» жатын бөлмеге жайманы алып кету үшін келді.
«Сол сәтте маған бәрібір болды, ақылмен болып жатқан нәрсенің жиіркенішті екенін, ал түнде болған сұмдық, кез-келген ұятты баса алатындығын түсіндім,- дейді Эльмира. — Әйел босанып жатқанда оған гинеколог әйел ме, еркек пе бәрібір. Бұл жерде де дәл солай. Елдің бәрі төсек жаймасын қарайтынын білдім, әбігерге түскенім соншалықты, жайманы қалай алып кеткені есімде жоқ».
Куәгерлер мен жайма дәстүрі әйелдер үшін қауіптірек болып бара жатыр дейді психолог Эллада Горина. Заманауи әлемде адамдар кеш үйленеді, сәйкесінше жыныстық қатынастан хабардар болады, ал көрші бөлмеде отырған адамдардың жас жұбайларға кеңес беруінде қажеттілік жоқ, сондықтан олардың қызметы қалыңдықтың пәктігіне көз жеткізу ғана болып қалады.
«Көптеген әйелдер үшін бұл дәстүр қалыпты болып кеткен. Олардың түсініктерінде бұл жаман да, жақсы да емес, бұл қалыпты жағдай, өйткені олар өскен ортада бала кездерінен бұл нәрсе саналарына құйыла бастаған,- дейді Горина. — Қақтығыстар жаңа толқынның көзі ашық болғандығынан туындайды».
Әзірбайжанның солтүстігінде тұрған Нигяр өзінің алғашқы неке түнінде бір-екі «кеңесшілер» ғана емес, «бүкіл ауыл» болғанын айтады. «Өмірімде ондай ұятты бастан кешірмеппін, егер солай болуы керек болса, яғни үлкендердің одан хабары көбірек деп ойладым»,- дейді Нигяр.
Нигярдың айтуынша, оның да, күйеуінің де неке түнге деген ешбір құлқысы болмаған, себебі есіктің арғы жағынан бөтен адамдардың барлық іс-қимылдары естіліп тұрды. Таңертең оларға да жайманы ел назарына ұсыну керек болды.
Нигярдың жасы небәрі 18-де еді, қазір жасы 30-дан асты, ол ажырасқан, Бакуда тұрады, ал туыстарын «арсыздар» дейді.
Алайда бәрінің қолынан өмірін өзгерту келе бермейді, себебі ғасырлар бойы қалыптасып қалған дәстүрлер мен патриархалды қоғамды аттап өту ауырға соғады. «Кей жағдайларда әйелі күйеуімен алғашқы неке түні жайлы сөйлеседі, ал кейбірінің ол жайлы тіс жаруға батылдығы жетпей, жұбайы бәрін өз қолына алады деген үмітпен ғана жүреді,- дейді Эллада Горина. – Бұл жерде біз теңсіздікке тап боламыз, сондықтан әйелдер өздерін қорғансыз сезінеді».
Горинаның айтуынша, егер кейбір адамдар бұл тәжірбиені оңай өткерсе, кейбірі үшін бұл жарақат жылдар бойына созылуы мүмкін. «Адамның басқа қиындықпен келген кезі болған, бірақ бар мәселе, неке түнінен кейінгі жаймада қан болмаған, сондықтан қызды түн ортасында жігіттің отбасы пәктігін тексеру үшін дәрігерге алып келген»,- деп есіне түсіреді психолог. Оның айтуынша, әйелдің жеке кеңістігіне жөн-жосықсыз ену, оған жасалған зорлықпен тең, содан кейін көптеген әйелдер өз-өздеріне келе алмай жатады.
Тойдан кейін жарты жыл өткен соң Эльмираның күйеуі қайтыс болды. «Алты ай бойы біз ол түнді есімізге алмадық»,-дейді ол.
Күйеуінің өлімінен кейін Эльмирада басқа ер-азамат болмаған, оның айтуынша, бәрі психологиялық тосқауылдың кесірінен. «Мен тұрмысқа шығып, қарым-қатынасқа да түсуге дайын болдым, бірақ өткен тәжірбие мені тоқтатады», — дейді ол.
Эльмираның он жасар ұлы бар, кейіпкер ұлымен жыныстық қатынас жайлы сөйлесіп, қыз баланың денесі қалай орналасқаны жайлы сөз қозғайды екен. «Мен оған-адам бол, өзіңді жақсы ұста деймін, ал егер қызым болса, мен оған менің қателіктерміді қайталама», — деп айтар едім.
«Егер мен дәл қазіргі қалпымда сол жағдайға түссем, күйеуіммен және әйелдермен өзімді басқаша ұстар едім», — дейді Эльмира.
Төсек жаймасымен байланысты дәстүр Армения, Әзірбайжан, Грузия және Солтүстік Кавказ елдерінде көптеп кездеседі.
stan.kz