Төртінші мұнай өңдеу зауыты әлі салынбайды

0

2018 жылғы 26 желтоқсан 15:26 249

Төртінші мұнай өңдеу зауыты әлі салынбайды - Қанат Бозымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстандағы төртінші мұнай-өңдеу зауыты туралы жақ ашу әзірге ертерек. ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төртінші МӨЗ әзірге салынбайды. Себебі, «ҚазМұнайГаз» Энергетика министрлігінің басшылығымен екі әлемдік деңгейдегі компанияны тартып, «жүргізілген жаңғырту жұмыстарының арқасында 2026-2027 жылдарға дейін бізде жайлы қор» бар деп баян етті. Ал егер біз коммуналдық көліктер мен басқа да көлік түрлерін газға ауыстыратын болсақ, бұл бізге дизельдік отынды 400-ден 500 мың тоннаға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз шамамен 2030 жылға дейін ішкі нарық үшін жаңа қуаттылықтың қажеті шамалы екенін білдіреді», — деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Бірақ, сонымен бірге Қанат Бозымбаев бәрі де ел экономикасының өсімдік қалпына байланысты болатынын жеткізді.

«Біз белгілі бір тұтынушылық деңгейін есепке ала отырып, қатаң түрде бұл салаға мониторинг жүргізетін боламыз. Ішкі нарықта негізгі мұнай өнімдерін тұтыну 10,5 миллион тоннаға жете қалған жағдайда бірден мұнай өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылдайтын боламыз. Сондықтан, төртінші МӨЗ-ді салу туралы шешім алдағы жылдарда жоспарланып отырған жоқ», — деді министр.

Қанат Бозымбаев сонымен қатар, Шымкент пен Қарағанды облыстарында жеке инвесторлардың МӨЗ салу туралы мәселесіне қатысты жеке тоқталды.

«Қарағанды облысында шағын МӨз салынғалы жатқаны туралы естігенім бар. Түркістан облысында да жеке инвестор химиялық кешен салуды жоспарлаған болуы керек. Алайда ол зауыттардың шикізатпен қалай қамтамасыз етілетіні әлі түсініксіз. Қазірдің өзінде Шымкенттегі МӨЗ-ді шикізатпен қамтып отырған Қызылорда облысында өндіріс азайып бара жатқанын білесіздер. Менің пайымдауымша, аты аспандаған таныстырылымдар инвестор тарту үшін жасалып жатқан секілді. Бірақ, бұл тек ауыз толтырып айтуға келмейтін шикі жобалар», — деді Қанат Бозымбаев.

 

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz