Төрт мемлекет Қытайға қарсы одақ құрмақ

0

Жапондық басылымдарда тараған мәліметке сүйенсек, қараша айының алғашқы жартысында Үнді мұхитында АҚШ, Жапония, Аустралия және Үндістан елдерінің әскери теңіз флоты оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Бұл бастама Қытай мен АҚШ арасындағы шиленістен туындаған және антиқытайлық одақты құруға негізделген, деп жазады inosmi.ru ақпараттық агенттігі.

Төрт елдің әскерилері біріккен қарулы күш Азиядағы қауіпсіздікті тұрақтандырып, Үнді-Тынық мұхиттары маңындағы аймақтың ашық болуын қамтамасыз етуді көздейді.

Одақтас елдердің әскери теңіз әрекеттері «Малабар» деген атқа ие. 3 қарашада басталған әскери шараға әр мемлекеттен бірнеше әскери кеме қатысуда. Мәселен, бір ғана Жапония салмағы 4650 тоннаны құрайтын «Оонами» кемесін әкелген.

Одақтас елдердің қатарына Аустралия биыл алғаш рет қосылды.

Үндістанның Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, әскери әрекеттер екі кезеңнен тұрады. 3 қарашада басталған шара осы айдың 15-іне дейін жалғаспақ.

Айта кетейік, қазан айында Токиода одақтас елдердің Сыртқы істер министрліктері жиын өткізіп, әріптестік аясында әскери бірлестікті нығайту туралы келісім жасаған болатын. Ал Қытайдың сыртқы істер министрі Чжао Лицзян «Қарулы күштердің белсенділігі расымен да қауіпсіздікті қамтамасыз етсе дейміз, керісінше емес», — деді 3 қараша күні өткен баспасөз конференциясында.

Азаттық рухы