Төреліктің жаңа форматы | «Айқын» газеті

0

Жоғарғы палатада Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Құқыққорғау қызметінің процестік негіздерін одан әрі жаңғырту» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Оған ІІМ, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, басқа да құқыққорғау органдарының, сондай-ақ адвокаттық және ғылыми қоғамдастық өкілдері шақырылды.

Парламенттік тыңдауға қаты­су­­шыларға қайырылған Қ.Тоқаев «аза­маттардың конститу­ция­­лық құқықтарын кепілдендіру жә­не заң­ның үстемдігін сақтау» Ел­басы айқындаған отыз­дық­қа кіру стратегиялық мақсатының маңызды бағыты саналатынына назар аудартты.
Оның мәліметінше, қылмыс­тық заңнаманы ізгілендіру түзету ме­кемелеріндегі жазасын өтеп жат­қандар санын үш есеге азайтуға ық­пал еткен: 1990 жылдары сот­тал­­ған 100 мың адам болса, 2018 жы­лы бұл сан 35 мыңға дейін азай­ды.
– Дегенмен құқыққорғау ор­ган­­дарының азаматтық қоғам инс­­титуттарымен өзара іс-қи­мыл жасау сапасы әзірге заман та­лаптарына толық жауап бере ал­май отыр. Негізсіз қылмыс­тық қудалаудан қорғау және қыл­мыстық сот ісін жүргізудің жа­залаушылық-репрессив си­патын жұмсарту, азаматтардың құ­қықтары мен бостандықтарын қам­тамасыз ету мәселелері күн тәр­тібінде тұр. Сот шешімдерінің орындалмауы әділдіктің үстемдік етуіне кедергі келтіріп отыр. Сон­дай-ақ соттың да, мемлекеттің де беделін төмендетіп, оларға деген сенімді азайтады, – деді Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев бірнеше ұсыныс біл­дірді. Біріншіден, оның байла­мынша Үкімет алдында қызмет көрсетудің сервистік моделін не­гіз­ге ала отырып, құқық қорғау ор­гандарының аза­мат­та­рмен за­манауи форматта жұмыс істеу жүйе­сін жедел қалыптастыру мін­деті тұр. Екін­­­­шіден, арыз тір­келгеннен бастап сот ше­ші­мі шығарылғанға дейін істерді қа­раудың бар­лық сатыларын жаппай цифрландыру қажет. Үшін­ші­ден, ол цифрлық технологиялар көме­гімен азамат­тар­ды полицияның және сот­тың қызметін бағалау жұ­мы­сына кеңінен тартуды ұсынды.
«Жалпы, жұмыстың сапасы істердің уақтылы және сапалы қа­ралуына және азаматтардың талап-тілектерінің тиісті деңгейде орын­­далуына сай бағалануы тиіс», – деді Жоғарғы палата бас­шысы.
Төртіншіден, қылмыстық іс­тер бойынша процессуалдық ше­шімдерді қабылдауда әділдікті қам­тамасыз етіп, тәуелсіз және әділ сот жүйесін жетілдірген, ал сот ісін жүргізудің жеделдігі мен анықтығын арттырған жөн. Бе­сіншіден, адвокаттардың про­­­цессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы айыптаушы мен қор­ғаушы тарап арасындағы сөз жарыстыру қағидатының орын­далуын нығайта түсу керек. Ал­тыншыдан, тегін құқықтық көмек көр­сетудің ең төменгі стан­дарт­тарын, көрсетілген қыз­мет­терді бағалаудың әділ жүйесін белгілеу маңызды.
Жетіншіден, Қ.Тоқаев тарап­тар­­дың өзара бітімге келуі және кел­тірілген зиянның орнын тол­ты­руы негізінде сот төрелігінің қал­пына келтіру­ші сипаттағы жаңа форматтарын дамыту қажет­тігін баса айтты. Сегізіншіден, өкілет­тік­тердің қайталануын және қызмет шең­бе­рі­нен тыс функ­ция­ларды барынша шектеген дұрыс.
– Қылмыстық процесс – адам­ның құқықтары мен бос­тан­дығына билік көбірек ықпал ететін тәуекелі жоғары сала. Сондықтан дамыған елдерде жазықсыздық презумпциясына негізделген ізгі­лік, адамның жеке басына және мен­шікке қол сұқпаушылық, адам­ның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – қағидат ре­тін­де тарихи орныққан. Қыл­мыс­тық-процестік заңнама аза­мат­тардың конституциялық құ­қық­­­тары мен бостандықтарын қор­ғауға негізделуі тиіс, – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол парламенттік тыңдауға қа­тысушылар көптеген өзекті мә­селелер бойынша процестік не­гіздерді одан әрі жаңғыртудың жаңа бағыт­тарын айқындап, түйт­кілді мәселелерді шешудің нақты әдіс­тері мен жолдарын ұсынарына се­нім білдірді.