Төреғали Төреәлі Малика Мұхитованы кешіруге шақырды — новости Казахстана

0

Әнші Төреғали Төреәлі Ескендір Сүлейменовтың өліміне кінәлі деп танылып, екі жылға сотталған бойжеткенді кешіруге шақырды деп хабарлайды NUR.KZ.

Әнші Малика Мұхитоваға қолдау білдірген жазбасын өзінің Instagram парақшасында жария еткен.

«Ажал (апат) айтып келмейді, кеткен қайтып келмейді! Бәріміз жолда жүрген жолаушылармыз. Кейбір өлімнің себепшісі адам болғанымен, әр адамның маңдайына тағдыры солай жазылған. Ал тағдыр ол Алладан! «Жазмыштан озмыш жоқ», біз пенде болғандықтан қателесеміз. Шексіз мейірім иесі Ұлы Алла, шексіз кешірім иесі! Сұрақтың шешімі, сынақтың жеңілдігі болса дейміз ғой.

Желіде желдей есіп тұрған, абайсызда болған жағдайға байланысты ой білдірейін деп шештім. Қара нардың қабырғасын қайыстырып, қыраны қыршын кеткен ардақты Олжас ағамыздың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Тас түскен жеріне ауыр, бізге де жеңіл тиіп тұрған жоқ. Бауырымыздың бақилық болуы Алланың ісі деп білемін. Сол жағдайға Малика қызымыздың тап келіп қалғаны тағдыр!

«Алдыңа келсе атаңнын құнын кеш» дейтін кешірімді xалық емеспе ек?!
Әдейілеп қолымен жасалмаса да, мойынымен көтеріп тұрған осы қыздың болашағына алаңдаймын. Қазақтың әр ұлы бауырым, әр қызы әпке-қарындасым! Сондықтан қаракөздерімізді жәутеңдетіп, тағдырына тосқауыл болмайықшы! Ешкім де, ештеңе де мәңгі емес қой! Біз кім болсақ та, кімнің баласы болсақ та, бәріміз Алланың алдында бірдейміз! Дәрменсіз де, пәрменсіз де мына біз! Бұл тағдыр!

Ешқайсысымыз өз тағдырымызда не күтіп тұрғанын білмейміз! Сондықтан Алладан келген жарлықпен, әр сынаққа сабырмен қарап Маликаны қолдап, кешіру де өз қолдарыңызда тұр ағайын! Баршаңызды бір болуға шақырамын!» , — деп жазды Төреғали Төреәлі.

Айта кетейік, бұған дейін желі қолданушылары Малика Мұхитованы босатуды өтініп жатқаны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Естеріңізге сала кетсек, 22 маусым күні Астанада Мұхитова «Hyundai» маркалы көлігін жүргізіп келе жатып «Ducati Streetfighter 1098» мотоциклімен соқтығысқан еді.

Жол апатынан танымал жазушы Олжас Сүлейменовтың немересі Ескендер Сүлейменов оқиға орнында қаза болды.

13 қарашада шыққан сот қаулысы бойынша Малика Мұхитова екі жылға бас бостандығынан айырылып, 5 жыл көлік жүргізу құқығынан шектелді.


Сіздің реакцияңыз

Спасибо за Ваше мнение
Вы уже голосовали


Тағы да оқыңыздар