«Төреғали ағамен кездескім келеді» Алты бірдей аспапта ойнайтын зағип жігіттің әңгімесі

0

АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik, Нұргүл Абай. Алла сынақты тек көтере алатын жандарға береді деп текке айтылмаса керек. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Жаратушының ауыр сынағымен бетпе-бет келсе де, кеудесін тік, басын биік ұстап жүрген жігерлі жандардың бірі. Анасы оған жарық дүние сыйлағанмен, қызылды-жасылды әлемді өз көзімен көру бақыты оған әлі бұйырмаған. Sputnik Қазақстан тілшісі қараңғылықта өмір сүрсе де, бойындағы тума талантының арқасында айналасын нұрландырып жүрген Нұрдана Арғынұлымен әңгімелесті.

«Қытайдағы ата-әжемді сағындым»

Туғаннан қос жанары көрмейтін 19 жастағы Нұрдана Арғынұлы – Қытайдың Алтай аймағынан отбасымен бірге тарихи отанына оралған қазақ. Атажұртқа былтыр дәл осы ақпан айында көшіп келген. Қазір Алматы облысының Текелі қаласында тұрады. Ата-анасының тұла бойы тұңғышы, артынан ерген екі қарындасы мен бір інісі бар.


©
Foto : Нұрдана Арғынұлының жеке архивінен

Нұрдана қарындастарымен

«Ата-анам мал шаруашылығымен айналысады, шағын асханамыз бар. Қазір осындағы ағамыздың үйінде тұрып жатырмыз. Қазақ еліне келсем ғой деп көп армандайтынмын, Аллаға шүкір, ол арманым да орындалды», — деп әңгімесін бастады Нұрдана.

Бала кезінен ата-әжесінің қолында өскен Нұрдана Қытайда қалған жақындарын қатты сағынып жүр. 

«Телефонмен емен-жарқын, ұзақ әңгімелесіп отыра алмаймыз. Амандық-саулықтан басқа, артық сөз жоқ. Қазақстанға қонаққа келіп, тұрып жатқан үйімізді бір көріп кетсе ғой деп армандаймын», — дейді ол.

«Кішкентайымнан дыбысы шығатын заттарға әуес болдым»

«Балалар сияқты ойыншыққа көп қызыққан емеспін. Бірақ, дыбысы бар нәрселер болса, елең ете қалып, соған жармасатынмын. Кішкентай кезімізде ән шығатын телефондар болатын еді ғой, соның даусына әуес болдым. Кейіннен мұның бәрі өнерге деген әуестігім екенін түсіндім», — дейді балалық шағын еске алған жас жігіт.

Қос жанарынан бірдей айырылса да, Нұрдана – домбырашы, әнші, сазгер, бір сөзбен айтсақ, нағыз дарын иесі. Домбыра, гитара, синтезатор, қобыз, аккордеон, сырнай дейсіз бе, музыкалық аспаптың түр-түрінде ойнайды. Ең ғажабы, мұның бәрін зағип жан ешкімнің көмегінсіз, өзі үйренген.

«Бала кезімде музыкаға қызығушылығым ерекше болды. Ең алдымен, қазақтың қара домбырасын қолыма алдым. Кейін синтезатор, аккордеонды меңгердім. Шынын айтсам, аспаптарда ойнауды маған ешкім үйреткен жоқ, ұстаздан сабақ алған емеспін. Бәрін дыбыстың көмегімен, тыңдау арқылы үйрендім», — деп ағынан жарылды зағип жан.

Осылайша, Нұрдана Арғынұлы Құдай берген талантының арқасында түрлі байқау, концерттерде өнер көрсетіп, Қытай қазақтарына танылған. Ендігі арманы – Қазақ еліне танымал болу.

«Музарт» тобының өнерін ерекше бағалайды

Бала кезінен халық әндерімен сусындап өскен Нұрданаға, өзінің айтуынша, Шәмші Қалдаяқовтың әндері жанына жақын. Сонымен қатар, ол Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Тоқтар Серіков, «Музарт» тобы, Қайрат Нұртастың әндерін жиі тыңдайды. 

«Ең сүйіп тыңдайтын әншім – Төреғали Төреәлі. Төреғали ағамен кездескім келеді. Бұған қоса, «Музарт» тобының өнеріне бас иемін, әндері қатты ұнайды. Мүмкіндік болса, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев ағаларыммен де жүздескім келеді», — дейді ол.

Қазақстанға келгеніне көп бола қоймаса да, бір-екі байқауда бақ сынап, жүлделі орынға ие болған.

«Былтыр Астананың туған күніне орай Шымкентте өткен байқауға қатыстым. Маған Астана туралы ән дайында деді. Сол кезде Төреғали ағамыздың «Астана» атты әні қатты ұнап қалды. Сол әнді шырқап бердім. Сөйтіп, бірінші орын иелендім. Содан кейін, Талдықорғанда өткен «Екі жұлдыз» байқауына қатысып, екінші орын алдым», -деп әңгімесін жалғады әнші жігіт.

Тағы оқыңыз: Сиыр да сауады, көрпе де тігеді. Қолы мен аяғы жансыз келіншектің ауыр тағдыры — фото

Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі сазгерліктен де құр алақан емес. Бүгінде оның «Асыл әже», «Аңсаймын жарық күнді», сонымен қоса екі қарындасына арнап жазған әндері бар. Қазір қазақ елі туралы халықтың жүрегіне жететін ән жазуды ойлап жүр.

«Адамда не көп, арман көп қой. Менің тағы бір арманым – жақсы шығармаларды дүниеге әкеліп, оны Тоқтар Серіков, Қайрат Нұртас, Сырым Исабаев ағаларыма орындату», -дейді Нұрдана Арғынұлы.

Зағип жан әке-шешесімен бірге тойларға барып, ән шырқап, домбыра тартады.


©
Foto : Нұрдана Арғынұлының жеке архивінен

Нұрдана інісімен бірге

«Ел ортасында жүргенді жақсы көремін, жиі шығып тұруға тырысамын. Халықтың қошеметі, ыстық ықыласы мен пейілі мені шабыттандырады», — дейді өнерпаз.

Нұрдананың тағы бір арманы – жазу-сызуды үйреніп алу. Мектепке бармағандықтан, қолына қалам алып көрмепті. Айтуынша, шабыты оянғанда, ойына келген өлең жолдарын іні-қарындастары немесе ата-анасы жазып отырады.

«Қарындастарым кітап оқып береді. Әсіресе, Мұқағали Мақатаев ағамыздың өлеңдерін сүйіп тыңдаймын. Мұхтар Шахановтың шығармашылығы да өте қатты ұнайды», — дейді зағип жан.

«Қызылордадағы емші балаға да бардық»

Жарық әлемді көру – Нұрдананың ең үлкен басты арманы. Бала кезінде ата-анасы қаншама емхананың табалдырығын тоздырса да, еш нәтиже болмапты.

«Емші бала шығыпты дегенді естіп, Қызылордаға да бардық. Бірақ, шипасы – Алладан деп шығарып салды», — деп мұңайды Нұрдана.

Десе де, қазақ баласы үмітін үзбейді.



sputniknews.kz