Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқысы келмеген

0

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik, Арман Асқар. Осыдан жарты ғасыр бұрын қазақтың киелі жерінен адам баласы тұңғыш рет ғарышқа аттанды. Ал тура отыз жылдан кейін қазақтың тұңғыш ғарышкері жұлдыздарға сапар шегіп, елдің абыройын асқақтатты. Ол – халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген тұңғыш ғарышкеріміз ғарышқа қалай көтерілгенін, Қонаевқа не үшін хат жазғанын және қазіргі карантинді қалай өткізіп жатқанын айтып берді.

Ұшқыш болдым, мінеки!

Тоқтар Әубәкіров бала кезінде өте алғыр болған. Үш жасында әкесінен айырылса да, қиындыққа мойымай, жігерлі болып өсті. Оның айтуынша, сол кездегі өмірдің өзі адамның мінезін қайрап, елдің қорғаны болуға үндеді. Соғыстан кейінгі жылдары туған балалардың бәрі әскери қызметті армандады, ұшқыш болуға ұмтылатын. Бірақ кішкентай Тоқтардың көкке деген қызығушылығын көрші ауылда болған бір жағдай оятты. Нұркен Әбдіров атындағы ауылға «Ли-2» маркалы санитарлық ұшақ келіп тұратын. Екі ауылдың балалары жиналып, соның артынан жүгіретін.

«Баламыз ғой, қауіпсіздікті ойламаймыз. «Ондайда пропеллер шауып өтеді немесе доңғалақ басып кетеді-ау» дегенді білмейміз. Сол кезде ұшқыштар өте ақылды бір шешім жасады. Аспанға көтерілмей тұрып, бізді жолға шашырап шықпасын деп, ұшақтың ішіне шақырды. Сонда балалардың жартысы қорқып, ауылға қашып кетті. Біз болсақ, есікке сығылысып кірдік. Сөйтіп, ұшқыштар жермен бір айналып келді, аспанға көтерілген жоқ. Сосын «Ал, енді сендер ұшқыш болдыңдар! Енді, біз сендерге тапсырма береміз!» деді де, бізді ұшақтан алыстау жерге күзетші етіп қойды. Бәріміз тапсырманы мүлтіксіз орындадық», — деп еске алды Әубәкіров.

Оқи отырыңыз: Қазақтан шыққан ғарышкер Талғат Мұсабаев туралы не білеміз?

Осылайша, ұшқыштардың сөзіне әрі ақылды шешіміне риза болған бала енді көкке көтерілуді армандады. Ұшақты басқаруға ұмтылды. Алайда үйдің шаруасы көп болды. Тоқтар 8 сыныптан кейін ақша табу үшін зауытқа токарь болып барды. Ал жұмыстан кейін кешкі мектепте оқыды. Онсыз аттестат бермейтін еді. Бірақ 14 жастағы бала өзінің арман-мақсатын да ұмытқан жоқ. Шалғай жердегі аэроклубқа жазылып, оған да барып жүрді.


©
Sputnik / Александр Моклецов

Франц Фибер, Александр Волков, Тоқтар Әубәкіров. Архивтегі фото

«Сөйтіп, 15 жасымда алғаш рет аспанға көтеріліп, парашютпен секірдім. Негізі 16 жастан бастап секіруге рұқсат беретін. Бірақ мен он алтыдамын деп айта салдым. Ол кезде қатты тексермейтін, сөзге сенетін. Содан «Як-12″ ұшағынан алғаш рет секірдім. Шыны керек, қорқыныш болды. Бірақ парашют ашылғасын үрей сейілді, өзімді керемет сезіндім, ән айттым, жерге жеткенше біраз уақыт өтті. Ол кезде баламын ғой, салмағым да көп емес. Жерге түскеннен кейін қайта-қайта секіргім келіп кетті», — дейді Әубәкіров.

«Қонаевқа хат жаздым» 

Тоқтар Әубәкіров мектепте математика мен физиканы жақсы көретін. Өз бетімен көп кітап оқыды. Ресейдегі Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түсті. Оны үздік бітіріп, Қиыр Шығысқа жіберілді. Сол жақта жойғыш ұшақтардың түр-түрін меңгерді. Төрт жылдың ішінде үздік ұшқыш атанды.

«Мен училищеде жүргенде «Л-29» реактивті ұшағын басқарғанмын. Ал «МиГ-15» пен «МиГ-17″-ге отырғаннан кейін мүлдем өзгеше әсерге бөлендім. Айырмашылығы жер мен көктей, жойғыш ұшақтар адамның әрбір қимылын сезеді. Бойыма дарыған бір қасиет шығар, мен де әрбір ұшақты сездім, штурвалға отырғанда бүтін бір денедей қосылып кететінбіз. Осы қасиет ұшақтарды сынақтан өткізу кезінде маған қатты көмектесті», — деді Әубәкіров.

Алайда КСРО кезінде әскери ұшақтарды сынақтан өткізуге өзге ұлттарды жақындатпайтын. Себебі ондай жұмыстар мемлекеттік құпия болып саналған. Бірақ Тоқтар Әубәкіров қайтпады. Қиыр Шығыстан Алматыға ұшып барды. Негізгі мақсаты – бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевқа кіру.

«Өкінішке қарай, тура мен барған күні түнде Дінмұхамед Ахметұлы Брежневпен бірге Делиге ұшып кетті. Ал менің уақытым тығыз болды. Себебі іссапар куәлігін екі күнге ғана берген. Бірақ Қонаевтың көмекшісі маған қатты көмектесті. Әлі күнге дейін оның аты-жөнін білмейді екенмін. Бірақ мың да бір алғыс айтқым келеді. Маған өте жақсы кеңес берді», — дейді Әубәкіров.

Қонаевтың көмекшісі республика басшысына хат жазуды ұсынды. Ал өзі сол хатты Дінмұхамед Ахметұлына оқытамын деді.

«Ол мені заңгер мамандарға жіберді. Ресми хатты ақыға жазып береді екен. Сөйтіп, 10 сомға үш беттік хат жаздыртып алдым. Бірақ ойлана келе, Қонаевтың үш беттік хатты оқып отырмайтынын түсіндім. Оны жыртып тастадым да, өзім бәрін бір бетке сыйғыздырдым. Ұшқыш-сынақшы болғым келеді деп анық өз өтінішмді жаздым», — деп еске алды Әубәкіров.

Дінмұхамед Қонаев жас жігіттің хатын оқып шығады. Қорғаныс министріне тапсырма береді. Соның нәтижесінде Тоқтар Әубәкіров сынақшы ұшқыштар мектебіне қабылданады. Бірақ емтиханға үлгере алмайды. Себебі демобилизациядан шығармай қойыпты. Дегенмен қазақтың алғыр жігіті осы белесті де бағындырып, ұшқыш-сынақшы дәрежесін алып шығады.

Штаттан тыс жағдайлар

Тоқтар Әубәкіров бірінші болып еш жерге қонбай, солтүстік полюске барып келді. Сол кезде ұшаққа әуеде екі рет жанар-жағармай құйған. Осыдан кейін «МиГ-29К» жойғыш ұшағын тұңғыш рет авиакрейсердің палубасына қондырды. Әскери кеменің алаңынан ұшты. Штаттан тыс жағдайлар да болды.

«Мысалы, авикрейсердің палубасынан ұшатын кезде трамплиннен асып кетіп, суға құлап кете жаздадым. Сосын басында тәжірибе жасағанда көп нәрсені білмейміз ғой. Түнгі уақытта кеменің прожекторларын жағып қойдық. Ұшақпен көтерілейін деп жатқанда жарық таблодан шағылысып кетті де, түк көрінбей қалды. Мен теңіздің суын көргеннен кейін ғана ұшақты көтеріп кеттім. Басшылық катапультті пайдалануға бұйрық берген. Бірақ оны бірде-бір рет қолданған жоқпын», — дейді Әубәкіров.

Оның айтуынша, кез келген жаңа бастаманы қолға алғанда қорқыныш болады. Бірақ «сабақты ине сәтімен» жүргенде сенім пайда болады.

Тоқтар Әубәкіров ұшақтың 50-ден астам түрін меңгеріп шықты. Жаңа әскери техниканы сынақтан өткізу кезінде көрсеткен ерлігі үшін сол кездегі ең жоғары марапат – КСРО батыры атағына ие болды.

«Ғарышқа ұшудан екі рет бас тарттым»

Қыран құстай көк аспанда қалықтауды ғана армандаған ұшқыш ғарышқа дейін көтерілетінін білген жоқ. Тіпті ондай ұсыныстан екі рет бас тартқан. Себебі жойғыш ұшақтармен қоштасқысы келмеді.


©
Sputnik / Владимир Родионов

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров

«1985 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ғарышқа ұшуды ұсынды. Мен бас тарттым. Себебі ол кезде жойғыш ұшақтарды сынақтан өткізіп жүрдім. 1990 жылы тағы шақырды. Мен қайтадан бас тарттым. Уақытым тығыз, шаруам көп дедім. Ал бір жылдан кейін қыста шаңғы теуіп жүрсем, танысым «бізге неге айтпай жүрсің, сені ғарышқа дайындалып жүр дейді» деп төбемнен қойып қалғандай болды. Қайдағы ғарыш дедім. Сөйтсем, Назарбаев мені ғарышқа ұшады деп елге жариялап қойыпты», — дейді Әубәкіров.

Болашақ ғарышкер бірден мемлекет басшысына барады. Кабинетіне кіріп, өзімен неге келісіп алмағанын сұраған.

«Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев саған керек емес болса, маған да керек емес. Бірақ халыққа керек, ел күтіп отыр. Осы сөзден кейін бірден келістім. Сөйтіп, қызу дайындыққа кірісіп кеттім. 1991 жылы 2 қазанда «Байқоңырдан» ғарышқа аттандық. Сонда элюминатордан керемет бір көрініс ашылды. Жерді ғарыштан көргенде тамаша сезімге бөлендім. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес», — дейді Әубәкіров.

Ұшқыштардың ырымын бұзуға тура келген

Ғарышта Тоқтар Әубәкіров әріптестерімен бірге бірқатар зерттеу жүргізді. Ал қазақстандық ғарышкер Арал теңізінің проблемасын зерделеді. Атап айтқанда, теңіздің тартылуы, сор топырақтың ұшуы және тағы басқа маңызды мәселелер болды.

Кәсіби ұшқыш өзімен бірге шағын ұшақтың моделін алып барған. Ал ғарышқа ұшарда ұшқыштардың ырымын бұзуға тура келді дейді.

«Ұшқыштарда бір ырым бар. Аспанға көтерілердің алдында фотоға түсуге болмайды. Бірақ ғарышкерлер үшін фотоға түсу міндет екен. Содан зымыранға отырғанға дейін фотоға түстік», — деп еске алады Әубәкіров.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері өзімен бірге отбасының фотосын, бір уыс топырақ пен бірнеше тұмарды ғарышқа алып барыпты.


©
Sputnik / Владимир Родионов

Ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Александр Волков, Франц Фибек

«Мен Қорқыт ата жатқан жерден бір уыс топырақ алдырттым. Сосын премьер-министрдің орынбасары болған Мырзатай Жолдасбековке өтініш білдіріп, үш тұмар жасатып алдым. Үшеуін де ғарышқа алып кеттім. Қайтып келгесін екеуін балаларыма бердім, біреуі өзімде, әлі күнге дейін үйде жатыр», — дейді Әубәкіров.

Ғарышкердің айтуынша, мақсат қоя білген адам өз арманына жетеді. Ең бастысы, сол арманға жетудің жолын білу керек. Сосын табандылық танытқан жөн.

Сөз соңында Талғат Оңғарбайұлы қазіргі карантинді қалай өткізіп жатқанын айтып берді.

«Мен өзім қалада емеспін. Қазір ауылда жүрмін. Балам ауыл шаруашылығымен айналысады. Онымен бірге көктемгі егістік жұмыстарына дайындалып жүрміз», — деді ол.



sputniknews.kz