Тоқтамай ықылықтау да коронавирус белгісі — дәрігерлер

0

Дәрігерлердің айтуынша, ұзақ уақыт тоқтамай және жиі ықылықтау да коронавирустың белгісі болуы мүмкін.

Осы күнге дейін COVID-19 белгілерінің қатарында ықылықтау болмады. Алайда ғалымдар оны қосуға себеп барын айтады.

Бұған мысырлық дәрігерлердің коронавирус жұқтырғаны ықылық арқылы анықталған науқастың зерттеуін жария етуі себеп болып отыр. 64 жастағы ер адам дәрігерлерге соңғы үш күнде тоқтамай ықылықтап жатқанын айтып шағымданған. Артынша оның коронавирус жұқтырып алғаны белгілі болды.

Америкада да 62 жастағы ер адам соңғы төрт күн бойы ықылығының тоқтамай жатқанын айтып ақ халаттыларға келген. Инфекция өкпеге әсер етіп, бұл ер адамда лейкоциттер мен тромбоциттер деңгейі төмендеген.

Ықылық белгілі бір диафрагманың конвульсиялық жиырылуынан болады. Ол күйзелістен немесе дұрыс тамақтанбау салдарынан да пайда болуы мүмкін. Егер адам екі күннен артық ықылықтауды тоқтатпаса немесе ықылық жиі пайда болса, дәрігерлер медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.