Тоқаевтың жеңісімен Қосанов келіседі

0

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауында биліктегі «Нұр Отан» партиясының кандидаты әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаушылардың 70,76 пайызы қолдаған. Бұл туралы маусымның 10-ы күні Нұр-Сұлтанда президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров хабарлады.

Президенттікке кандидат Әміржан Қосанов.

Президенттікке кандидат Әміржан Қосанов.

ОСК мәліметінше, дауыс беруге қатысқан 6,5 миллион сайлаушы «Нұр Отан» партиясы кандидатына қолдау білдірген.

«Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосановқа сайлаушылардың 16,2 пайызы немесе 1,4 миллион адам дауыс берген.

Үшінші орында «Ақ жол» партиясынан қатысқан кандидат Дания Еспаева тұр. Тұңғыш әйел кандидатқа 478 мың сайлаушы (5,2 пайыз) қолдау білдірген.

Президенттікке кандидат Дания Еспаева.

Президенттікке кандидат Дания Еспаева.

Қалған төрт кандидаттың жинаған дауысы төрт пайыздан аспайды:

  • «Ауыл» партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков – 294 271 дауыс немесе 3,2 пайыз;
  • Қазақстан кәсіподақтары федерациясынан президенттікке үміткер Амангелді Таспихов – 190 304 дауыс немесе 2,7 пайыз;
  • Қазақстан коммунистік халық партиясынан сайлауға түскен кандидат Жамбыл Ахметбеков – 167 249 дауыс немесе 1,82 пайыз;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінен сайлауға қатысқан Сәді-Бек Түгел – 84 348 дауыс немесе 0,92 пайыз.

ОСК жария еткен сайлау нәтижесі жексенбіде сайлау учаскелерінде президент сайлауына дауыс беру аяқталғаннан кейін, маусымның 10-ы ға қараған түні жарияланған екі ресми экзит-полл қорытындысымен ұқсас боп шықты.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген экзит-полл нәтижесі бойынша, Қосым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 69,94 пайызының қолдауына ие болған. Әміржан Қосанов – 14,96 пайыз.

Ал «Қоғамдық пікір» институты өткізген экзит-полл қорытындысында Тоқаев – 70,13 пайыз, Қосанов 15,39 пайыз дауыс жиған.

Өзін «оппозициялық кандидатпын» деп атайтын саясаткер Әміржан Қосанов дүйсенбіге қараған түні экзит-полл қорытындысы шыққан соң іле-шала Тоқаевтың «қоғаммен диалог жүргізіп, өзгеше ойлайтындарға, әсіресе жастардың балама пікіріне төзіммен қарауға тағы да ниет танытып отырғанын» айтып, оны «жеңісімен» құттықтаған еді.

Бұған қоса Қосанов жексенбі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда «сайлауға бойкот жариялағандар» өткізген рұқсат етілмеген шеру туралы мәлімдеме жасап, оны «саяси арандату» деп атады. «Жастарымыз жалған демократиялық, жалған оппозициялық идеяларға алданып жатыр» деді Қосанов.

Осы сайлауда кандидат Әміржан Қосановты жақтағандардың көбі президент сайлауының ресми нәтижесі шығуын күтпей, билік партиясының кандидатын құттықтауға асыққан оның қылығын сынға алды.

ОСК-ның ресми мәліметі бойынша, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына дауыс беруге сайлаушылар тізіміне енгізілген 12 миллионға жуық сайлаушының 77,4 пайызы қатысқан.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда осымен алтыншы рет президент сайлауы өтті. Сонымен бірге ел тарихында бұл төртінші кезектен тыс президент сайлауы. Бұл жолғы сайлауға Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық басқарып келген, биыл наурызда президент қызметінен кенеттен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жоқ.

Жексенбіде сайлау өтіп жатқан кезде Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте қарсылық акциясына шыққан азаматтар «әділетсіз сайлауға» бойкот жариялайтындарын мәлімдеген.

Қазақстан ішкі істер министрлігі бұл күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда рұқсат етілмеген митингілерге шыққан 500-ге жуық адам ұсталғаны туралы хабарлады. Билік ұсталғандардың кейбіріне айыппұл салып, кейбірін әкімшілік қамауға алуға шешім шығарған.

Дүйсенбі, маусымның 10-ы күні Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте полиция көпшілік орынға барған ондаған азаматты ұстады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз