Тоқаевтың ұсынысы Қыдырәлі Болмановтың күлкісін келтірді
Жуырда сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев тойдағы ысырапшылдықты азайтып, тойды жаңа форматта өткізуді ұсынған еді
Белгілі әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Болмановтың айтуынша, қазақта тойдан басқа да проблема толып жатыр. Тойды тоқтатқан күннің өзінде, ел экономикасы өсіп кетпейді.
«Егер біз дамығымыз келсе, тойды емес, шағын және орта бизнесті жолға қоюға күш салуымыз керек. Ал тойдың әңгімесін, сіз айтасыз, Ақанның кезінде де, Біржанның кезінде де айтқан. Бірақ оның экономикаға түк қатысы жоқ. Қазақ әрқашан барын қызығы мен қуанышына шашқан халық. Енді келіп, сонымен алысамыз ба? Той, асаба, фонограмма деп шулаймыз, жалпы онда мәдениет мәселесіне тоқталып, жақсылап жүйелі жұмыс жүргізу керек. Ондай жұмыс жоқ», — деді әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Қыдырәлі Болманов ел ағалары он жылдан бері тойға тиісіп келе жатқанын атап өтті. Айтуынша,экономиканы көтеру, шағын және орта бизнесті жолға қою, отандық киноиндустрияны дамыту мәселелері далада қалып жатыр.
«Күлкім келеді соған. Басқа проблемаларымыз бастан асады. Тойды тоқтатқан күннің өзінде де экономикамыз өспейді», — деп толықтырды ол.
Продюсер ел ағаларының экономикамен айналысудың орнына той-томалаққа тиісетініне ашуланды.
«Егер біз осы қалпымызда отыра берсек, біздің ішкі нарық, экономикамыз ешқашан өспейді. Мәселен, біз ойыншық, шұлық шығарамыз. Бірақ Италия, Қытай, Ресей немесе Беларусь компанияларымен бірдей салық төлейміз. Неге біз отандық өнім шығара тұра, шетелдік компаниялармен бірдей салық төлеуіміз керек?! Неге қазақстандықтар өз ақшасына сырттан келетін тауарларды сатып алып, бәрін шетелге жіберуі керек?», — дейді Болманов.
Оның пайымынша, қаржылық айналым тоқтамай, біздің шағын және орта бизнесіміз ешқашан дами алмайды. Ол дами алмаса, экономика ешқашан көтерілмейді.
«Сол ағаларымыз экономикамен айналысудың орнына, келіп тойға тиіседі. Құдды бір қазақтың тойынан экономикамыз көтерілмей жатқан сияқты… Басқасының бәрін қатырып қойғандай, той, фонограмма деп шулайды», — деп түйіндеді әнші.