Тоқаевтың тапсырмасынан кейін латын әліпбиінің 10 нұсқасы қаралды

0
112

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

13 0 0

Мәдениет министрі латын графикасындағы қазақ әліпбиінің нәтижелі әрі оңтайлы нұсқасын табу міндеті тұрғанын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова латын графикасындағы қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын әзірлеу жұмыстары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің мәліметінше, қазіргі кезде орфографиялық топтың отырыстары 7-10 күнде бір рет өтіп тұрады. Сол жерде латын графикасындағы қазақ тілінің әрбір нұсқасы егжей-тегжейлі қаралады.

«Қазір 10-нан астам нұсқа қаралды. Бұның барлығы – жобалар. Бұдан басқа жобалар да бар. Осы көптеген жобаның ішінде жақсы ұсыныстар болатын шығар. Бірақ мамандар халықаралық тәжірибені ескере отырып, бәрін ғылыми тұрғыда қарап жатыр. Біз соның негізінде бір ұсыныс жасаймыз», – деді Райымқұлова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, президенттің тапсырмасы бойынша барлық нұсқаның ішінен нәтижелі әрі оңтайлы нұсқаны табу міндеті тұр.

«Мамандар құптаған және қоғамның көңілінен шығатын нұсқа болуы керек. Біз оны қоғаммен тағы талқылаймыз, оны қолдану жағын қарастырамыз. Өйткені біз әліпбиді таңдап қана қоймай, оның заманауи техникалық қолдану жағын да ескеруіміз керек. Сондай жобаны тапқан жөн. Сондықтан әртүрлі топтар мен комиссиялармен талқылап, президентке нақты бір нұсқаны ұсынамыз», – деп атап көрсетті Райымқұлова.

Тоқаевтың тапсырмасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіруді тапсырды.

«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек», – деп жазды президент Twitter парақшасында.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Назарбаев бекіткен жаңа әліпбиден олқылық тапты

Осыған байланысты мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тиісті тапсырма бергенін атап өтті. Себебі ол үкімет жанындағы латын графикасын іске асыру бойынша ұлттық кеңесті басқарады. Кеңестің құрамында төрт жұмыс тобы бар. Олар: орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және сараптамалық-техникалық. 

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың ақпанында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекіткен болатын.

 



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз