Тоқаевтың тапсырмасы: жалақыдан қанша ұсталатын болады?

0
34

Бүгінде қазақстандықтардың жалақысынан ұсталатын алымдар, шамамен, 20 процентті құрайды. Соның тең жартысы зейнетақы жарналары болса, 10 проценті – жеке табыс салығы

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізуді ұсынды. Оған сәйкес, жалақысы төмен адамдар салықты аз төлейді, ал табысы көптерге салмақ көбірек түседі. Осылайша, әлеуметтік әділеттілік орнайды, яғни, әрбір адам салықты тапқан ақшасына қарай төлейді. Алайда осы бастама қашан іске асады? Табысы көп адамдардың қатарына кім кіреді? Жаңа жүйе бойынша салық қалай есептеледі? Жалақыдан қанша ақша ұстауы мүмкін? Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардың пікірін жазып алды.

Тоқаевтың ойы қандай?

Төтенше жағдайдың аяқталуына арналған мәлімдемесінде мемлекет басшысы прогрессивті шкала жайында қысқа ғана айтты. Президент жаңа жүйенің тиімділігін түсіндіріп, соңғы шешімді өзім қабылдаймын деді. Осыдан кейін әлеуметтік желіде қызу талқылау басталды. Тіпті, халықты жаңылыстыратын есеп-қисаптың «соңғы нұсқасы» шықты. Содан болар, Алматыға жасаған сапары барысында президент осы мәселеге қатысты өз ұстанымын ашық айтты.

«Мысалы, менің ойымша, егер адам 250 мың теңге тапса, бәлкім, 300 мыңға дейін алады, онда ол 10 проценттік салықты төлемеуі керек, шамамен, 7 процентін төлей алады. Енді, оны үкіметтің жұмыс тобы шешеді. Ал орта тапқа келетін болсақ, олар үшін бұрынғыдай 10 проценттік салық қолданылады. Сонда 300 мыңнан бір жарым, бәлкім, екі миллионға дейін алатындар 10 процентті төлей береді», – деді Тоқаев.

Президенттің ойынша, жылына 25 миллион теңге табатын адамдар үшін жеке табыс салығы 10 проценттен жоғары болуы керек. Оны да комиссия анықтайды. Бірақ ондай салықтың шекті мөлшері 15 проценттен аспайды.

«Меніңше, табыс салығы 15 проценттен аспауы тиіс. Мен үкіметке тиісті тапсырма бердім. Ол өз ұсыныстарын жасайды. Біз соның бәрін қоғам өкілдерімен, депутаттармен және сарапшылармен бірге талқылаймыз. Бұдан кейін прогрессивті шкаланы енгіземіз бе, жоқ па, осы жағын ойластырамыз», – деп атап көрсетті Тоқаев.

Мемлекет басшысы прогрессивті шкаланы енгізу мерзімін белгілеген жоқ. «Әділдік тұрғысынан біз ерте ме, кеш пе, соған келуіміз керек», – деді ол.

«Келесі жылға дейін ұзаруы мүмкін»

Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов прогрессивті шкаланы енгізгенде басқа салықтарды да ескеру керек деп санайды. Себебі өзге алым-салықтар сол күйінде қалып, табыс салығы артса, өз пайдасын жасыруға тырысатын адамдар көбейеді. Сондықтан жалақыдан төленетін алым-салықтар жүйесін толығымен өзгертуге болады. Сөйтіп, қаржылай жүктемені азайтуға мүмкіндік бар.

Сарапшы табыс салығының деңгейін бекітудің екі жолын ұсынып отыр. Біріншіден, қазіргі 10 процентті ең төменгі шек деп алуға болады. Бірақ одан кейін салықтың мөлшері арта береді. Екіншіден, ең төменгі шекті 0 проценттен бастауға болады. Сөйтіп, жалақының көлеміне қарай 10 процентке және одан жоғары көтеріледі. Осының арқасында қаржылай жүктеме азаяды.

«Президенттің тапсырмасынан кейін жұмыс тобы құрылды. Ол жерде әлі талай пікірталас болады. Білуімше, әзірше бағыт-бағдар белгілі, бірақ толық есеп-қисап жоқ. Сосын заң жобаларын әзірлеу тәжірибесін ескерсек, ол парламентке тек келесі жылдың жазында түседі. Ал прогрессивті шкаланы енгізу аясында басқа алым-салықтарды қысқартатын болса, онда бұл мәселе 2022 жылға дейін кетіп қалады», – деп жазды Құдайбергенов өзінің парақшасында.

Шетелдік тәжірибе

Экономист Олжас Құдайбергенов шетелдік тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропада прогрессивті шкаламен халықтың қаржылай жүктемесі артқан. Осы орайда Сингапурдың тәжірибесі тиімді болып тұр.

«Ол жақта адам елдегі орташа жалақының 40 процентінен төмен айлық алса, онда жеке табыс салығын мүлдем төлемейді. Осы тәжірибені Қазақстанға көшірсек, орташа жалақының ресми көрсеткіші 200 мың теңге болса, 80 мың теңгеден төмен жалақы алатындар жеке табыс салығын төлемейді. Ал басқа алым-салықтарды зейнетақы жарнасына ауыстырса, онда ол адамдар тек зейнетақы жарнасын жасайды, демек, өздеріне ақша жинай береді. Соның нәтижесінде ауылдағы шарушылықтар, базарлар және тағы басқалар «көлеңкеден» шығады. Негізі, бізде медианалық жалақының көлемі, шамамен, 80 мың теңге», – дейді Құдайбергенов.

Тағы оқыңыз: Тоқаев үкіметке берген тапсырмасын түсіндірді – видео

Сингапурлық жүйеге сәйкес, жалақы 80 мың теңгеден жоғары болса, белгілі бір бөлігіне процент қосылады. Мысалы, адамның жалақысы 140 мың теңге дейік, ондайда 80 мыңға салық төленбейді, ал қалған 60 мың теңгеге 2 проценттік салық салынады. Сонда 140 мың теңгенің айлығынан 1 200 теңге ғана ұсталады. Сол сияқты еңбекақы 200 мың теңге болса, 80 мыңға салық салынбайды. Одан кейінгі 60 мыңнан – 2 процент, одан кейінгі 60 мыңнан – 4 процент ұсталады. Нәтижесінде 200 мың теңгенің салығы 3 600 теңге болып шығады. Осылайша, айлық 750 мың теңгеге жеткенде ғана 10 проценттік жүктеме болады.

«Осындай сценариймен жұмыс істейтін адамдардың 95 процентінде жүктеме азаяды, 4 процентінде сол күйінде қалады, ал 1 процентінде артады. Прогрессивті шкала жалпы халықтың жүктемесін азайтса, адамдар тапқан табысын жасырмайды, «көлеңкеден» шығады», – деп атап көрсетті Құдайбергенов.

«Байлық салығынан да біраз ақша түседі»

GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халықтың ойынша, прогрессивті шкалаға дейін табыс декларациясын толығымен енгізу керек. Сонда ешкім салықтан жалтара алмайды.

«Табыстың нақты көлемін көрсететін декларация болса, салықтан жалтаратындар мен ақшасын тығып қалуды ойлатындар бірден көрінеді. Соларды әшкерелеуге керек. Меніңше, прогрессивті шкаланы енгізуге бір-екі жылдай уақыт керек. Алдымен табыс декларациясын енгізіп, кімнің қандай мүлкі бар екенін анықтағаннан кейін барып іске асырған дұрыс», – деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Экономистің айтуынша, прогрессивті шкаланың проценттері тым жоғары болса, адамдар өз табысын жасыруға тырысады. Соның салдарынан бюджетке түсетін салықтар, керісінше, азайып кетуі әбден мүмкін. Бұл – нарықтық заңдылық. Сондықтан прогрессивті шкаланың проценттері тым жоғары болмауы керек.

«Сосын қазір бұл бастама орта тапқа қатты тиіп кетеді деген қауіп бар. Негізі, 1-2 миллион табатын орта тап көп емес. Оларға тимейтін болып тұр. Президент кеше бәрін өте жақсы түсіндіріп берді. Ал орта тапты ұлғайтуымыз қажет. Сол кезде мемлекетіміз дами түседі», – деп атап көрсетті Халық.

Сарапшы прогрессивті шкаладан бөлек байлық салығын да енгізу керек деп санайды. Себебі өз жерінде ғана емес, шетелде қымбат мүлік пен көлік алған қазақстандықтар бар.

«Бізде үлкен коттедже тұратын азаматтар бар. Бірақ салық мүлдем төлемейді. Ол әділетсіздік қой. Сосын Қазақстанда табыс тауып, шетелде яхта мен вилла сатып алғандар бар. Енді, олар заң бойынша сол мүліктің оннан бір бөлігін мемлекетке төлеуі керек. Бірақ барлығы бірдей төлеп отыр дегенге өз басым сенбеймін. Әрине, прогрессивті шкаланың болғаны дұрыс. Бірақ байлық салығы да болуы керек деп ойлаймын. Иә, бізде байлар көп емес. Ал прогрессивті шкаламен бірге байлыққа да салық салынса, бюджетке біраз ақша түседі», – деп атап көрсетті Халық.



sputniknews.kz