«Тоқаевтың қай тапсырмасы орындалғаны есімде жоқ…»
Қазақстанның мұнай-газ саласы Тимур Құлыбаев пен Қайрат Борамбаевқа тиесілі екені туралы Facebook-те жазба жарияланды. Бұл туралы Оңғар Қабден жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
«Қазақстанның мұнай-газ саласы Тимур Құлыбаев пен Қайрат Борамбаевқа тиесілі екені, Ресеймен екі арадағы сауданы осы екі адам шешетіні ешкімге жаңалық емес. Тоқаев кеше түнгі үште тапсырма бердім депті. Отбасының ерке күйеу баласы мен құдасына Ақорда айтқанын істете ала ма? Мәселе сонда. Халық бір-ақ нәрсе сұрап тұр. Газ бағасын бұрынғы қалпына келтіргенін. Құдайдың тегін берген газын тегін бер деп тұрған жоқ. Ақшасына, бірақ арзанға. Тоқаевтың қай тапсырмасы орындалғаны есімде жоқ. Бір тапсырмасы ғана қатты орындалған. 2001 жылы Ғалымжан Жақиянов құрған «ДВК» қозғалысын жергөгінде тұншықтырғанда. Сол тапсырмасының қатты орындалғаны ғана есімде.
Сосын алаңдағы халықты демонстранттар депті. Сонда қымбатшылыққа мойынсұнып, бүкіл айлығы жетпесе үстіне қарызданып тамақ қана алып отырған момын бұқара халық екен де, оу бұл қалай? Бізде айлық пен баға сәйкес емес қой деп бас көтергендер демонстранттар екен.
Демонстранттар қоғамдық тәртіпті бұзбасын депті. Кеше алаңға шыққан жігіттер шеккен темекілерінің тұқылдарын қоқыс жәшігіне апарып салып, асфальтқа түкірмей тұр екен. Бұны да Жаңаөзеннен хабарласқан халық айтып жатыр.
«Бізге де мәселе керек емес. Бізге газ бағасын шешіп берсін. Біз саяси талап қойып тұрған жоқпыз. Назарбаев кет, Тоқаев кет деп жатқан жоқпыз. Айналайындар, өзімізден шығатын газ бағасын шешіп беріңдерші деп қана тұрмыз. Тоқаев соны да шеше алмаса білмеймін онда» дейді Бейнеуденмін деп хабарласқан аға», — деп жазды ол.