Тоқаевтың несиелерді жабу туралы шешімі қаншалықты дұрыс?
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 маусымда көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың несиесін кешіру туралы қаулыға қол қойған еді. Еліміздің белгілі саясаттанушылары қаншалықты орынды жасалған жарлық, бұл қадамның себебі мен салдары қандай екенін Stan.kz тілшісіне түсіндіріп берді. Бірі екі қолын көтеріп қолдаса, екіншісі мемлекеттің халыққа деген садақасы деп пікір білдірді.
Қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, тек бір рет көрсетілетін көмек халықты алдаусыратқанмен тең. Сондай-ақ бұл жаңа президенттің имиджін қалыптастыру үшін жасалып отырған қадам екенін жасырмады.
«Менің ойымша бұл имидждік, яғни, жақсы көзқарас қалыптастыру үшін жасалған қадам. Биліктің жаңа президентке деген оң көзқарасын қалыптастыру үшін жасаған дүниесі деп ойлаймын. Себебі, бұл бір рет жасалатын жағдай. Тұрақты түрде, белгілі бір заңға енбеген. Бұл жағдайы нашар отбасыларға көмек есебінде берілген біржолғы көмек. Сондықтан мен бұл жағдайды жаңа президенттің елде әлеуметтік бағытта өзгеріс болады-ау деген нәрсені көрсету үшін жасалған қадамы деп ойламын», — дейді саясаттанушы.
Тоқаев жасап жатқан жеңілдік өз жалғасын табуы мүмкін бе?
«Бұл әрі қарай өз жалғасын таппайтын сияқты. Әрине, қиналып отырған халықтың белгілі бір бөлігі көмек ала алатын шығар, бірақ бұл құмға сіңген су секілді. Әлеуметтік мемлекет боламыз десек, бұл мәселені тұрақты, заңды түрде шешу керек. Мен бұл тұрғысынан келгенде жасалып жатқан қадамдарды көріп отырған жоқпын. Бұрынғы жүйеде қалдық. Біздің бұрынғы басшымыз: «Қазақстандықтар бұдан жақсы жағдайда еш уақытта өмір сүрген жоқ» дегені бар. Бірақ әлеуметтік мәселеге қарағанда сол сөзге сай емес екенімізді көреміз», — деді Дос Көшім.
Дос Көшім мұндай қадамдарға көңілі тола бермейтінін айтып, халық жағдайын жақсарту үшін өз ұсынысын білдірді:
«Өз басым осындай имидждік бағыттағы істерге іштей риза болмаймын. Қаттырақ айтқанда, садақа сияқты берілген дүние. Дегенмен жүз мыңдаған отбасыға көмек екенін мойындауымыз. Мемлекеттік саясат бұлай жүргізілмеуі керек. Міндетті түрде тұрақты, заңмен бекітіліп жүргізілуі керек. Әлеуметтік мемлекетпіз десек, осы жылдың аяғына дейін үлкен өзгерістер керек.
Ең әуелі, банк жүйесіне өзгерістер қажет. Мысалы, шет елден 3%-бен алынған ақшаны халыққа 10-15%-бен береді. Бұл адам миына кіріп шықпайтын дүние. Сол үшін пайызды кем дегенде екі-үш есе төмендеуі қажет. Сол уақытта мұндай көмектің қажеті болмай қалады. Банк жүйесіндегі проценттік мәселені шешу кезек күттірмейтін мәселе. Егер шет елден 3%-ға алсақ, бізге 5%-бен берілуі керек. Одан жоғары болса, бұл — тонау, банкирлердің баюы ғана болады», — дейді саясаттанушы.
Елімізге танымал саясаттанушылардың бірі Айдос Сарым бұл көңілі күпті болып отырған халыққа бұл да бір жұбаныш екенін алға тартты.
«Бұл экономиканың, қоғамның қажеттіліген туындап отырған қадам деп есептеймін. Елімізде болып отырған девальвация, инфляция сынды басқа да мәселелер халықтың еңсесін басып, әл-ауқатын төмендетіп, болашаққа деген үмітін сөндіре бастады. Бұл жерде адамның таңдауы деген де бар ғой. Бұл ұсынысқа келісуге де болады. Келіссең, болашақта тұтынушы кредитін алмайсың. Жоқ өзім төлеймін десеңіз, ол да еркіңіз. Жұмыс істеп жүрген азаматтар уақыт өте келе несиесін өтеуі мүмкін. Бірақ көпбалалы, жағдайы нашар отбасы болса, бүкіл тапқан таянғанын несиесін жабуға беріп, сүреңсіз өмір кешіп жүр. Сол үшін де бұл халықтың еңсесін бір көтеріп алуға мүмкіндік жасайды деген ойдамыз. Сондай-ақ банк жүйесіндегі біраз салмақтарды жеңілдетеді. Осы жұмыс аясында қыруар жұмыс күтіп тұр. Осы саясат дұрыс жүргізілетін болса, ес жиюға жақсы мүмкіндік деп есептеймін», — деп ойын жеткізді.
Қоғам қайраткері, экономист Мұхтар Тайжан бұл қадамды қос қолдап қолдайтынын айтты:
«Мен бұл қадамды екі қолымды көтеріп қолдаймын. Өйткені жарты миллионға жуық адамның материалдық халін жақсартады. Оның ішінде 250 000 адамның несилерін толықтай жабады екен. Әрине, бұл несиесінен құтыла алмай жүрген адамдардың толық саны емес, бірақ та мұның өзі аз көрсеткіш емес.
Бұл мәлімдемеге әркім әртүрлі пікір айтып жатыр, мен өз басым либерал экономист ретінде былай айтамын. Бізде нарықтық экономика жоқ, мәселе осында. Халқымыз өте еңбекқор. Жұмыс жасауға дайын. Бірақ бізде зауыттар мен жұмыс орындар өте аз. Жастарымыз жұмыс іздеп жүр, бірақ жұмыс жоқ. Бұл — тікелей үкіметтің кінәсі. Ауылда тұратын адамдар да жұмыс жасауға дайын. Бірақ бос жер жоқ. Қарапайым халық жерге қол жеткізе алмай отыр. Нарықтық экономиканың орнататын болсақ халыққа жер беруіміз керек. Екіншіден, Еуразиялық Одақтан (ЕО) шығуымыз керек. Сонда ғана зауыт, фабрикалар пайда болады. Ал біз ЕО-ның ішінде отырсақ, ешқашан өндірістік экономикамыз дамымайды. Біз бүгінгі күнге дейін экономикалық жағынан отар елміз», — деген қоғам белсендісі бұл тығырықтан шығудың жолы ретінде жеке бизнесті қолдауды көрсетті.
«Жеке бизнесті дамыту үшін шағын және ортакәсіп өкілдеріне несие беру керек. Біздегі банк жүйесі монополияның қолында деп айтуға болады. Осындай мәселелерді шешіп алмай халықты кіналауға болмайды. Сондықтан осындай жағдайда мемлекет өз халықына көмек беруі керек. Мен кеше жарияланған шешімді екі қолмен қолдаймын. Себебі халықтың жағдайы өте төмен», — дейді экономист Мұхтар Тайжан.
stan.kz