Тоқаевтың «фотошоп» бейнесі

0

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурызда өкілеттігін тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын басқалы бері өзіне көптің назары ауған соң бет-бейнесін тура мағынасында жақсартуға көшкен тәрізді. Азаттық Қазақстан жетекшісінің ресми фотолары арнайы сурет өңдейтін бағдарлама арқылы қатты өзгеріске ұшырап жүргенін байқады.

Мұндай «цифрлық жолмен ажарландыру амалының» мақсаты 65 жастағы саясаткердің суреттегі жүзінен әжім мен артық етті жоқ етіп, маусымда өтетін ерте сайлауда президент болып сайлануына жол ашу сияқты.

Жоғарыдағы суретте Тоқаев АҚШ-тың жаңа елшісі Уильям Мозерден 2019 жылғы наурыз айында сенім грамотасын қабылдап тұр. Бұл фотоны түсіріп, жариялаған — ҚазАқпарат агенттігі.

Дәл осы сәт бейнеленген және бір суретті президент әкімшілігі жариялаған. Тоқаевтың бет-жүзі мен терісі «өзгеріп» кеткен, ал Мозердің түрі сол күйі қалған.

Тоқаев президент ретіндегі алғашқы ресми сапары кезінде сәуір айында Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп отыр.

Сол кездесуде түсірілген, президент әкімшілігі жариялаған фото. Алдыңғы суретпен арасы — үш минут. Назарбаев әлі басқарып отырған Нұр-Отан партиясы президент сайлауына ұсынған Тоқаевтың маусым айындағы науқанда бас кандидат ретінде жеңіп шығатынына шүбә келтірмейтіндер көп.

Мәскеудегі кездесу кезінде Кремльдің фотографы түсірген сурет.

Тура сол сұхбаттасып тұрған сәттің және бір көрінісін президент әкімшілігі осындай түрде жариялады. Азаттық анықтаған фото өңдеу техникасына сәйкес Тоқаевтың беті мен алқымының өзгертілгені көрініп тұр. Қасындағы адамның бейнесі сол күйі қалдырылған.

Сәуірдің соңында Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға барды. Жоғарыдағы — еуропалық EPA агенттігі жариялаған фото.

Енді президент әкімшілігі жариялаған нұсқаға назар салыңыз.

Президент Тоқаевтың баспасөз қызметі Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Астанаға келгенде осындай сурет жариялады.

Кездесуден кейін президент әкімшілігі өзі түсірген суретті іле-шала жариялады. Екі фотодағы түс айырмашылығына екі түрлі фотокамера мен фото өңдеу тәсілдері әсер етсе керек. Венгриялық фотограф Canon 5D Mark IV камерасын, ал қазақстандық тарап Nikon D5 қолданған.

Азаттық хабарласқан сарапшы Тоқаев суреттерінің «фотошоппен» өңделгеніне 100 пайызға жуық сенімді екенін айтты.

Тоқаевтың мына суреті биылғы сәуір айында Reuters арқылы халықаралық БАҚ арасына кең тарады. Азаттыққа аты-жөнін жарияламауды өтінген әлемдегі жетекші ретушь мамандарының бірі адам жүзіндегі әжімдерді жоқ қылу үшін бұл суреттің surface blur әдісімен өңделгенін айтты.

Маман: «Суретті үлкейтіп қарасаңыз, бет терісінің тегіс емес екенін көре аласыз. Кейбір жерде jpeg қалдықтары қалған, кейбір тұсы тегістелген. Жұмысыма сәйкес күнде осындай суреттер көз алдымнан өтеді. Мына [фото] анық әдеміленген» деді.

Reuters фотографы 2011 жылы түсірген Тоқаевтың бейнесі

Reuters фотографы 2011 жылы түсірген Тоқаевтың бейнесі

1991 жылы Совет Одағы құлағалы бері Қазақстанда өткен сайлаулардың ешбірін Батыс бақылаушылары «еркін һәм әділ» деп бағалаған емес. Тоқаев та маусым айында көп қарсылыққа ұшырамаған күйі президент қызметіне бекітілетін сияқты.

Азаттықтың Орталық Азия бойынша корреспонденті Брюс Панниердің сөзінше, бұлайша фото өңдеу Тоқаевты жасына қарамастан жаңа бейне етіп таныту амалы болуы мүмкін.

«Келесі айда [Тоқаев] 66-ға толады. [78 жастағы Назарбаевты] 66 жастағы адаммен алмастырып жатыр; көп айырма жоқтай. Сондықтан елдің бәрі 66-ға шығатынын білсе де, Тоқаевты жас және жігерлі етіп көрсетуге талаптанып жатыр деп ойлаймын» дейді журналист.

Азаттық Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басында тұрған кезінде суреттерінің өңделгені туралы анық айғақ таппады. Мына суретте ол Қытай президенті Си Цзиньпинмен сәуірдің 28-і күні жүздесіп тұр. Бірақ Назарбаевтың кеңсесі жариялаған соңғы суреттерде оның да бет-жүзі фотошоп арқылы әдеміленгенге ұқсайды.

Қазақстан үкіметі жариялаған мына суретте Назарбаевтың бетіндегі дақтар «жоғалып» кеткенмен, әжімдері өзгеріске ұшырамаған. Тоқаевтың фотоларындағы ретушьтің табын мұнда таппайсыз.

Азаттық Қазақстан президентінің әкімшілігіне комментарий сұрап хабарласқанымен бұл мақаланы жариялағанға дейін жауап ала алмады.

Azattyq