Тоқаевтың баспасөз хатшысы Ринат Зайытовқа эстафета жолдады
Қысқа сілтеме алу
Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай оның шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы желіде кеңінен етек алды
НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Абай өлеңдерін оқу эстафетасына қолдау білдіріп, ақынның шығармасынан үзінді оқып берді. Ол эстафетаны әрі қарай сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедке, вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова және айтыскер ақын Ринат Зайытовқа жолдады.
«Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай оның өлеңдерін оқу эстафетасына президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен мән беріп, осы бастаманы жалпыхалықтық деңгейге көтерді. Өзі де Абай Құнанбайұлының өлеңінен үзінді оқыды, оны жақсы білесіздер. Осы эстафетаны президенттің кеңесшісі Ерлан Қариннен, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов мырзадан және павлодарлық достар Нұржан мен Русланнан, сондай-ақ, сыныптасым Айраттан қабыл алдым», — деген Берік Уәли ешбір қазақ баласының осы эстафетадан тыс қалмайтынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Берік Уәли Абай өлеңдерін оқу эстафетасын сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедке, премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова және айтыскер ақын Ринат Зайытовқа, сондай-ақ барша әріптесіне жолдады.
Айта кетсек, желіде Ұлы ақынның 175 жылдығына арналған эстафета кеңінен етек алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірген бастаманы іліп әкеткендер қатары күн санап артып келеді. Тек қазақстандықтар ғана емес, әлем бойынша Абайдың шығармашылығына қызығушылық танытып жатқандар аз емес. Димаш Құдайбергеннің әлемнің түкпір-түкпіріндегі фанаттары ерекше белсенділік танытып жатыр.
sputniknews.kz