Тоқаевтың баспасөз хатшысы 18 жасқа дейін балалардың есепшотында шамамен қанша қаржы жиналатынын айтты
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ұлттық қордан түсетін қаражат есебінен 18 жасқа дейін балалардың есепшотында шамамен қанша қаржы жиналатынын айтты.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызын кәмелетке толмағандардың жинақ шотына аударуды ұсынған болатын. «Президенттің бастамасымен балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3000 АҚШ долларына тең қаражат жиналады», — деп жазды Руслан Желдібай Facebook-тегі ресми парақшасында. Айта кетейік, президенттің бұл ұсынысына қатысты экономист Мақсат Халық пікір білдіріп, әр балаға Ұлттық қордан жылына шамамен қанша қаражат аударылатынын болжап көрген еді.