Тоқаевпен кездесе алмаған наразылар мәселесі бойынша комиссия құрылады

0

Сот әділдігін талап етіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұр Отан» партиясы кеңсесіне жиналған наразы азаматтардың талабы бойынша құрамында Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі өкілдері бар арнайы комиссия құрылатын болды. Бұл туралы 5 маусымда Азаттыққа Нұр-Сұлтанға әділдік іздеп Орал қаласынан келген Манарбек Саматов хабарлады.

Наразы азаматтар комиссия құрамына өз арасынан да өкілдер енеді деп үміттенеді. Манарбек Саматов қазір олар адвокат пен заңгер жалдауға қаржы жинауға кіріскенін хабарлады.

Нұр-Сұлтанда 4 маусымда «Нұр Отан» партиясының орталық ғимаратына «сот үкіміне наразымыз» деген жетпістен аса адам жиналып, шағымдарын жеткізген. Олар өздеріне Қазақстанның қазіргі президенті әрі 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуін талап етті.

Тоқаев қазір аймақтарда жүргендіктен, наразылармен «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев кездесіп, мәселелерін қарау үшін арнайы комиссия құрылады деп уәде еткен.

4 маусым күні «Нұр Отан» партиясы кеңсесіне жиналған наразылардың көбі кешкі сағат тоғызға таман тарап кетті. Ал сегіз адам, соның ішінде алматылық белсенді Санавар Закирова, Шығыс Қазақстан облысынан келген ерлі-зайыпты зейнеткерлер Владимир және Валентина Тарасовтар «Нұр Отан» ғимаратынан шықпай, сонда қалған.

Валентина Тарасованың Азаттыққа хабарлауынша, партия өкілдері өздеріне жағдай жасап, жамылғы берген. Түн ортасына таман оларды қонақүйге орналастырған.

Сәрсенбі, 5 маусымда кешегі акцияға қатысқандар партия кеңесесіне қайта жиналған. Белсенді Манарбек Саматовтың сөзінше, енді оларды Сарыарқа аудандық әкімдігіне апармақшы.

Azattyq