Тоқаев жарлыққа қол қойды: кімдердің кредиті өтеледі
Мемлекет өтелетін берешегінің мөлшері 300 мың теңгеден аспайтын кейбір санаттағы азаматтардың қарызын өтейді
НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде уақтылы көмек көрсету мақсатында қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша мынадай жағдайларда:
1) аталған қарыздар бойынша борышкерлер көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса;
3) бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тәртіпте шаралар қабылдасын», — деп жазылған жарлықта.
Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігіне жүктелді.
sputniknews.kz