Тоқаев: Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурыз бар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі үшін Жаңа жылдың қасиетті мәні жоқ екенін айтып, қазақтарда Наурыз мейрамы бар екенін ерекше атап өтті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Егемен Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
“Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы”, – деді президент сұхбатында.
Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы екенін атап өткен мемлекет басшысы төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек екенін түсіндіреді.
“Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін. Сөз соңында барша халқымызға бақ-береке тілеймін! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қастерлі Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін!”, – дейді Қазақстан президенті.