Тоқаев тұңғыш президенттің өкілеттігін кеңейтті
Қысқа сілтеме алу
Жарлыққа сәйкес, енді президент министрлерді қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісіп барып қана тағайындайды. Бұл тізімге сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрліктерінің басшылары кірмейді
НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік билік органдары жүйесінде кадрлық саясат саласындағы өкілеттігін кеңейтетін жарлыққа қол қойды.
Құжат Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.
2019 жылғы 9 қазандағы «Қазақстан Республикасы президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлығына сәйкес, енді президент өзіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың басшыларын тағайындамас бұрын қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісуі керек.
Олардың қатарына президент әкімшілігі, бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ұлттық банк, республикалық гвардия, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі, президенттің күзет қызметі, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, президент істері басқармасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кіреді.
Тағы оқыңыз: «Кімді жаулап жатыр?»: Назарбаев Қытай басшылығымен қандай келісім жасағанын түсіндірді
Сондай-ақ, облыс әкімдерін, республикалық маңыздағы қалалар мен астана әкімдерін тағайындау да қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісіледі.
«Тоқаев билікке келгелі бері ауыс-түйіс аз болған жоқ: әкімшілік басшыларын, әкімдерді тағайындады. Тиісті норма болса да, олардың бір де бірі қауіпсіздік кеңесінде талқыланған жоқ. Қауіпсіздік кеңесі де бұл мәселені көтерген жоқ. Қазір енді, өкілеттіктерді нақтылау аясында тек талқылап қана қоймай, міндетті түрде қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісуді көздейтін жаңа процедура енгізілген болуы керек, шамасы», — деді Sputnik Қазақстан тілшісіне телефон арқылы сұқбат берген қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев.
Сарапшының пікірінше, «Қазақстан Республикасының қауіпсіздік кеңесі туралы» заңға енгізілген түзетулер мен толықтырулар Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің кадрлық саясатына ықпалын күрт күшейтеді.
sputniknews.kz