Тоқаев Татарстанда ұятқа қалғаны туралы айтты

0
1281

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан президенті Рустам Миннихановпен Қазан қаласында кездесті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан Кремлін аралап көргеннен кейін Татарстан Республикасының президенті Рустам Миннихановпен кездесу өткізді. Кездесудің алдында Қазақстан президенті «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңба қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.

Тоқаев Татарстан халқына қонақжайлығы үшін алғыс айтып, не үшін ұятқа қалғанын айтып берді.

– Ең алдымен, қонақжайлығыңызға алғысымды айтқым келеді. Айтуға ұят! Бірақ бүгін Қазан қаласына тұңғыш рет келіп отырмын. Дипломат ретінде, Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметшісі ретінде де мен ылғи Африкада, Еуропада болдым, тіптен Латын Америкасына бардым, бірақ Қазанда болған жоқпын. Ұят! Дегенмен бүгін бірінші рет келіп отырмын. Өте ризамын!, – деді президент.

Қазақстан президенті мыңжылдық тарихымен, бай мәдени мұраларымен танылған Татарстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Рустам Миннихановқа алғыс айтты.

– Мұнда Қазақстан президенті ретінде келгеніме өте қуаныштымын. Сізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Біз көптеген мәселе туралы, соның ішінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөнінде сөйлестік. Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобаларымыз бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытатын болса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызды екенін атап өтті.

– Шын мәнінде, еліміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланыстарымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таң қаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановтың мықты әрі беделді басшылығымен Татарстанның қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, республика халқының игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.

Татарстан президенті Қазан қаласына сапармен келгені үшін Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.

– Біз үшін бұл – үлкен абырой. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында Сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көптеген келісім жасалған. Сіздің еліңізде табысты жұмыс істеп жатқан компанияларымызды көптеп мысалға келтіруге болады, – деді Рустам Минниханов.