Тоқаев тағы бір тізімнің жасалып жатқанын айтты

0

Мемлекет басшысы азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін жеткізді

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі компанияларға мемлекеттік қолдау жасалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетіледі. Қазір олардың тізімі жасалуда. Оған ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізіледі», – деді Тоқаев бүгінгі мәлімдемесінде.

Осы орайда президент төтенше жағдайға байланысты 1,6 миллионнан астам адамның, сондай-ақ, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілінің несиені кейін төлеуге мүмкіндік алғананын еске салды. Бұдан бөлек, 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды. Соның арқасында олар 1 триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады. Шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін қаражат бөлінді.

«Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қиындыққа қарамастан жұмыс істеуде. Шаруалардың еңбегіне дән ризамыз. Көктемгі егіс науқаны мәселелері шешімін тапты. Бұл жұмысқа ешқандай кедергі болмауы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне және әкімдерге осындай міндет жүктеледі», – деп атап көрсетті Тоқаев.

Оның айтуынша, көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады.

«Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл – қомақты қаражат. Үкімет пен құзырлы органдардың міндеті – қаржының тиімді жұмсалуын және осы үдерістің барынша ашық болуын қамтамасыз ету», – дейді мемлекет басшысы.

Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді.

Президент мәлімдемесінің толық мәтінін Ақорданың ресми сайтынан оқуға болады.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз