Тоқаев тағы бір министрге сөгіс жариялады
Қасым-Жомарт Тоқаев экология министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
«Министрге сөгіс жариялаймын. Біріншіден, осы айтқандарым үшін сөгіс. Екіншіден, ақбөкен популяциясының тағдыры төңірегінде түсініксіз әуре-сарсаң және пікірталас бастағаны үшін. Мұның бәрін қоғамдық талқылау деңгейіне жеткізудің не қажеті бар?», — деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол министрді киіктердің популяциясы мәселесіне ұлт менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыдан қарауға шақырды.
«Шынында да киік қазақ үшін киелі жануар. 80 мың киікті табиғи ландшафттан шығару, яғни қыру туралы ұсыныс жасалып жатыр. Басқа да әдістер бар көрінеді. Сарапшылармен кеңесіңіз, бұл төтенше шаралар. Бұл шараға да жүгінуге тура келетінін жоққа шығармаймын. Бірақ бұл шектен шыққан шара, деп баса айтамын. Біз бұл мәселеге кәсіби тұрғыдан қарауымыз керек», — деп қосты Президент.