«Тоқаев та отставкаға кетсін!» Алматыда әкімдерді тікелей сайлауды талап еткен митингіге жүзден астам адам жиналды

0
2854

5 ақпанда Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға жүзден астам адам жиналды, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.

Митингінің тақырыбы – «Алматы қаласы тұрғындарының өз әкімін сайлауға құқығы бар».

Ұйымдастырушылардың бірі белсенді Әйгерім Тілеужанның айтуынша, «митингіде сөйлейтіндерге ешқандай шектеу болмайды, кез келген ұйым өкілі пікірін еркін айта алады». Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сенбі күнгі митинг Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алудан басталған. Жиналғандар бір минут үнсіздік жариялаған.

Митингіде сөйлегендер терең саяси реформаны, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды, парламентті таратуды, «жемқорлыққа белшесінен бастқан» шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етті. Шара кезінде қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған бейбіт тұрғындардың барлығын босату туралы да талап айтылды.

Белсенді Ырысбек Тоқтасын «Ерболат Досаевтың Алматы әкімі болуға моральдық құқығы жоғын», оның өткен шақтағы істері соны дәлелдегенін айтты. Ол 2019 жылғы даулы сайлаудан кейін президент болған президент Қасым-Жомарт Тоқаевты «легитимді президент емес» деп атап, елдегі азаптаулар мен адам құқығының өрескел бұзылуына кінәлады. «Тоқаев та отставкаға кетсін!» деді ол.

Митингіде сөйлеген құқық қорғаушылар қаңтар оқиғасын жан-жақты әрі ашық зерттеуді талап етті. Шара кезінде сөйлегендер ұрланған қаражатты елге қайтарып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы саласына жұмсау қажеттігін айтты.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер билікті азаматтардың пікір айту құқығын шектеп отыр деп сынаған тұста әкімдік бір күн бұрын аталған шараны өткізуге рұқсат берген. Бірақ атқарушы билік оның алдында Қаңтар қырғынының құрбандарын еске алу шарасына рұқсат бермеген.

Сенбі күні митинг өткен алаң екі жағынан қоршалып, көлік қозғалысы тоқтатылды. Полиция сырттан бақылады. Бірақ олардың саны көп болған жоқ. Айналада жедел жәрдем көліктері тұрды.

Осы аптада Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған. Белсенділер мен желі қолданушылары Досаевтың халықпен диалогқа бармайтын шенеунік екенін алға тартып, оның саяси карьерасының «көлеңкелі тұстарына» назар аударған. Олар былтыр күзде бірқатар белсенділер несие амнистиясын талап етіп, астанаға барған кезде Досаевтың белсенділерге шықпай қойғанын да еске салған.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болды. Кейбір сарапшылар билікке сын көбейген шақта Ақорда бірқатар кадрларды ауыстырып, өзгеріс жасағандай кейіп танытып отыр, шын мәнінде Назарбаев кезеңіндегі шенеуніктер бір-бірімен орын алмастырды, жағдай өзгермейді деп санайды.