Тоқаев шахтадағы апаттың жиілеуіне қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, өңір жұртшылығымен кездесуінде апат жиілеген «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына тоқталды.
Өкінішке қарай, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты.
«Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керектігін айтты.
«Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі», — деді Президент.
«ЛЕНИН» ШАХТАСЫНДАҒЫ АПАТ
2022 жылдың 3 қарашасында Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада төтенше жағдай болып, 5 адам қаза тапты.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, газ шыққан кезде шахтада 106 адам болған. 101 кенші жер бетіне көтерілген. Ал көтеру құрылғысының жұмысын қамтамасыз ету үшін 5 адам қалған.
Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барлық материалдық-әлеуметтік көмек көрсетіледі. Одан бөлек, ұжымдық келісім аясында ол кеншілердің 10 жылдық еңбекақысы отбасына төленеді. Сонымен бірге несиесін өтеу, балаларын оқыту шығындары өтеледі.
6 қазанда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты «Қазақстан» шахтасынан қызметкердің денесі табылды.