Тоқаев салық саясатын тұрақтандыруды тапсырды

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауы басталды. Президент “салық саясатын” тұрақтандыру туралы мәселені көтерді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сөзінше, экономиканы дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасау керек дейді ол. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді.

“Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды”, – деді Тоқаев.

Ол бұған бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде келтірді. Айтуынша, осы нормаға кәсіпкерлер сенім артқан соң, қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру тезірек нәтиже береді.

“Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал. Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн», – деді президент.